Абай облысына жергілікті мәселені жақсы білетін басшы келуі керек - қоғам белсендісі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында баса назар аударған мәселе – еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымдарды жетілдіру. Бұл ең бірінші кезекте өңірлердегі ахуалды жақсарту үшін қажетті қадам.

Осылайша, жаңадан үш облыс – Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрылатын болады. Аталған аймақтардағы ішкі инфрақұрылымның әбден тозып, халықтың да тұрмыс-тіршілігі төмендеп кеткеніне Президент назар аударды. Ең негізгі мәселе – тарихи, мәдени тұрғыдан қазақ халқы үшін қасиетті саналатын жерлердің елеусіз қалуында. Сол себепті ұлылар дүниеге келген, пайдалы қазбаға бай, киелі өңірлерді қайта жаңғырту үшін аталған аймақтар облыс мәртебесін алады. Осы ретте Абай облысы болып жаңадан құрылатын өңірдің өзекті мәселелеріне тоқталамыз. Семей қаласы облыс болуға қаншалықты дайын? Аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалай? Облыс атанғаннан кейін күн тәртібіне қандай мәселелер шығуы керек? Міне, осы секілді сауалдарға жауап алу үшін Семей өңірінің тумасы, қоғам белсендісі, журналист Сәтжан Қасымжанұлымен тілдесіп, сұхбаттасқан едік.

- Семей аймағында Абай деп аталатын жаңа облыстың құрылатыны осы өңірдің төл перзенті ретінде сізге қалай әсер етті? Жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

- Шыны керек, бұл маған ғана емес, семейліктердің күнделікті өміріне ерекше әсер еткен елеулі оқиға болды. Жасыратын несі бар, жылда «Жолдау тыңдап» үйреніп қалған басымыз айтарлықтай өзгеріс күтпеген едік. Ал ширек ғасырдан бері дербестігінен айырылып, күні Өскеменге қарап қалған Семейдің қайта түлеуіне Президенттің өзі бас болып, жол ашқаны бәрімізді қатты қуантты. Жаңадан Абай облысы деп аталғанымен, біз үшін бұрынғыдай Семей болып қалады. Бәлкім бұл атауға да үйреніп кетерміз. Қазір халықтың жаңадан жұмыс орындары ашылатынына, қала тынысына қан жүгіретін жаңа қадамдар жасалатынына, жалпы ертеңгі күніне деген сенімі оянып келеді. Әрине, көп жылдан бері тұралап қалған қала облыс орталығына айнала сала керемет болып шыға келмейтіні түсінікті жайт. Алда әкімшілік-аумақтық бөліністер, жаңадан құрылуы мүмкін аудандар бар. Қалада жылдам ширатуды қажет ететін мәселелер туындай бастайды.

- Жаңадан аудандар демекші, қазір тұрғындар арасында Шығыс Қазақстан мен Абай облысы арасында аудандардың қалай бөлініске түсетіні туралы мәселе өзекті. Сіздің ойыңызша, Абай облысының құрамына қандай аудандар енуге тиіс?

- Мүмкіндігінше, жаңа облысқа бұған дейін Семей облысының құрамында болған аудандар енгенін жергілікті жұрт барынша қалап отыр. Бірқатар аудандық мәслихаттар жұрт талабын ескере отырып, Абай облысының құрамында қалуға ұсыныстарын жасап та үлгерді. Білуімше, бұрын (1997 жылғы оңтайландыру кезінде) Семей облысының құрамында болған Ақсуат ауылы аудан орталығы болып қалып, аудан Тарбағатай болып өзгертілген болатын. Яғни оған дейін Тарбағатай ауданының орталығы болған Ақжардың әкімшілік бағынысы Ақсуатқа қаратылды. Енді Ақсуат халқы жаңадан ашылатын Абай облысының құрамына еніп, ал Тарбағатай ауданының орталығы бұрынғыша Ақжар болған қалпы Шығыс Қазақстан облысының құрамында қалуы мүмкін. Сол сияқты Абай, Көкпекті, Үржар, Бесқарағай, Жарма, Аягөз, Бородулиха аудандары, Курчатов қаласы Абай облысының құрамына енетіні жөнінде ұсыныстар айтылып, оның кейбір нұсқалары әлеуметтік желіде жарияланып та жатыр. Бір ескеретін жайт – шекаралық аудандар мәселесі. Сол тұрғыдан Қытаймен іргелес жатқан, бұрын аудан болған Мақаншы өңірінің халқы да бұрынғыша аудан болуды қалап отыр. Қазір Мақаншы Үржар ауданына қарайды. Одан кейін дәл қазіргі сәтте Семей қаласына қарасты 14 ауылдық округ бар. Соның ішінде бұрынғы Абыралы, Жаңасемей аудандарының ауылдары, кенттері бар. Бұрынғы Семей ядролық полигоны аумағындағы осы ауылдардың әкімшілік орталығын айқындайтын кез жеткен сияқты. Өйткені алдағы уақытта облыс орталығы болған жағдайда барлық жүкті бұрынғыша Семей қаласының мойнына артып қоюдың ендігі кезекте реті келмейтін секілді.

- Президенттің өзі қазір Семей қаласында шешімін таппаған түйткілдердің көп екенін, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозғанын Жолдауда тілге тиек етті. Сіздіңше, жаңадан құрылатын облыстың келешектегі басты бағыты қандай болуы керек?

- Семей қаласы облыс орталығы болуы үшін бірінші кезекте шешілуге тиіс жайттар аз емес. Мәселен, соның бірін айтар болсақ, қазір қала ішіндегі қоғамдық көлік қатынасы халықты қажытып жіберді. Өткен жылы жүргізілген Семейдегі «автобус реформасы» жергілікті әкімдік және жолаушы тасымалымен айналысатын компания арасында туындаған текетіреске ұласты. Салдарынан қарапайым халық зардап шекті. Бірер жыл бұрын ғана автобустардың барлығы да жаңартылып, валидатормен 80 теңге төлеп, жұрт өзін «өркениетті» сезіне бастаған болатын. Тіпті карта болмаған жағдайда жолақысы 140 теңге болып белгіленгеніне де көнген. Алайда бұл қолайлы мүмкіндік бар-жоғы бір жылға ғана созылды. Былтыр жергілікті атқарушы билік пен автопарк қожайындары ымыраға келе алмай, жүргізушілер жұмысқа шықпай, халық не жұмысына, не басқа шаруасына жете алмай қалған жағдайлар да болды. Ақыры жолаушы тасымалының қызметі негізінен «Семавтопарктің» уысына өтіп, оның қолданыстан шығарылған автобустары қайтадан «түлеп», қала көшелерімен жүйтки бастағанына жылдың жүзі болды. Енді мына қызықты қараңыз: бұрын қай автобуста болсын «Жолақысы – 80 теңге» деген жазу тайға таңба басқандай әйнектен «айғайлап» тұратын. Қазір тек орыс тіліндегі жазуы бар ескі автобустар жүйткіп жүр. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен кездесуде өткен жылдың күзінде қала әкімі Бақытжан Байахметовке де айтқан болатынмын, бірақ сол күйі ешқандай шара қолданылмады. Ал автобустардың ескілігі сонша, кейбірінің ішінен шаң-тозаң бұрқырап, одан қалса орындықтарының тыстары жыртылған. Бұл жайында семейліктер әлеуметтік желіде аз шағымданып жатқан жоқ. Сосын валидаторы жоқ, оны орнатуды қажет етпейтін автобустарда қолма-қол ақшамен 80 теңге төлеп, талон аламыз. Кейбірі талон да бермей отыра береді. Тоқетерін айтқанда, бір ғана автобус мәселесінен туындайтын осыншама проблема облыс орталығы болған бетте алдымен ескерілуі керек. Одан кейін тасымалдау уақытын кемі сағат 21:30-ға дейін апару керек. Түйіндей айтқанда, жаңа облыс орталығындағы іс-шаралар халықтың тұрмысына, жүріп-тұруына барлық жағдайды жасаудан басталуы керек.

- Семей дегенде алдымен Абай, Мұхтар, Шәкәрім сияқты қазақ әдебиетінің дара тұлғалары еске түседі. Еліміздің мәдени-рухани астанасы дейміз. Қала келбеті дәл қазір соған сай ма?

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Семейді «Қазақстанның тарихи орталығы» деп те жариялаған. Семей қаласын дамытудың 2020-2025 жылға арналған бағдарламасы да бар. Жергілікті атқарушы билік сол бағдарлама негізінде бірқатар жұмысты атқарып жатқандай көрінеді, алайда бұл кез келген қалада болатын жылдағы жұмыстар деңгейінен әлі асқан жоқ дер едім. Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Семейдің әуежайы 10 млрд теңгеге бюджет қаражатымен күрделі жөндеуден өткізілді. Мерейтой аясында әуежайға халықаралық статус беріліп, «ABAІ» халықаралық әуежайы атанды. Қуана қол соғатын жайт, әрине. Алайда ара-тұра осы әуежайға жолым түскенде байқайтыным – әлем таныған ұлы ақынның бір ауыз сөзіне орын тимегені. Сырттан келген турист болсын, қонақ болсын, әуежайға кірген бетте «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!» деген әйгілі сөзін ғимарат ішінен немесе маңдайшасынан оқыса, әрі ақын бюсті көзге түсіп тұрса, қайда келгенін бірден түсінер еді ғой!

- Кезінде Алаш үкіметінің астанасы болған Семей қаласы бір жағынан қазақтың тарихи-рухани орталығы секілді. Сондықтан ондағы тарихи ерекшелікті дамыту үшін алдымен қандай істі қолға алуымыз керек деп ойлайсыз?

- Меніңше, алдымен Семейдің мәртебесін айқындайтын идеологиялық саланы жандандыру керек. Қалалық әкімдікте ресми жиындардың басым бөлігі мемлкеттік тілде өтуі тиіс. Келетін туриске қаланы таныстыратын ұлттық рухани таным-түйсігі жоғары, айтары бар азаматтар әкімдіктен орын табар кезі жетті деп ойлаймын.

- Осыған орай, жаңа облысқа басшылыққа келетін адам қандай болуы керек деп ойлайсыз?

- «Кім келсе де бәрібір» дейтін емес, Семейдің өз тізгіні өзіне тиген уақытта осы өңірдің жайына қанық азамат келсе екен деп ойлаймын. Семей тарихында өңірді талай тұлғалар басқарды, олардың ішінде елдің алғысын алғандар, қандай жағдай болса да халықтың ортасынан табылып жүретіні бар шығар. Ендігі жерде өңірдің жай-күйін жақсы білетін, қолынан мықты іс келетін басшы керек. Ең бастысы, Абай облысының халқына жанашыр, жергілікті мәселелермен жақын таныс басшы келсе деймін.

- Әңгімеңізге көп рақмет!

***

P.S. Сұхбат жазылғаннан кейін күні кеше Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының сессиясында әкімшілік-аумақтық бөлініс мәселесі қаралды. Мәлім болғандай, Абай облысына – Семей, Курчатов қалалары, Абай, Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үржар аудандары қарайтын болды. Ал ШҚО аумағына Өскемен, Риддер қалалары, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Самар, Тарбағатай, Ұлан, Шемонаиха, Алтай аудандары еніп отыр.

Жер көлемі жағынан салыстырып қарайтын болсақ, Абай облысының аумағы 185,5 мың шаршы метрді құрап, құрамына 8 аудан және 2 қала енеді. Шығыс Қазақстан облысының аумағы 97,8 мың шаршы метр болады. Құрамына 9 аудан және 2 қала кіреді. Бұл ұсыныс Үкіметке жолданды.

Назерке Сүйіндік


Соңғы жаңалықтар