Абай-175: Қызылордада республикалық ақындар айтысы өтті

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылордада Н.Бекежанов атындағы драма театрында «Абай жолымен» атауымен республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Республикалық айтыс қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына орайластырылды. Оған кезінде өнер бәйгесінде өз өрнегін салған аға буын өкілдері мен бүгінгі күні сөз бәйгесінің көрігін қыздырып жүрген жастар бәсекеге түсті.

Айтыстың мақсаты - көрерменге дала данышпанын жаңа қырынан таныстырып, абыз ақынның философиялық, ағартушылық, саясаткерлік қасиеттерін ашып, адами болмысын зерделеп жырға қосу.

Сөз сайысын ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман тізгіндеді. Жыр додасы республикалық «Nur Otan» партиясының және облыс әкімдігінің қолдауымен өткізілді.

Өнер бәйгесінде бас жүлде Мұхтар Ниязовтың қанжығасына байланды. Ал Жансая Мусина бірінші, Әсем Ережеқызы екінші орын алды. Үздік үштікті Айбек Қалиев пен Мейірхан Сұлтанхан түйіндеді.

Сондай-ақ, аталмыш айтысқа Серік Құсанбаев (Өскемен), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар), Аруна Керімбек (Ақтөбе), Жансая Мусина (Орал) Аян Ниязбек (Шымкент), Сұлужан Тауболды (Алматы), Кенжебай Жүсіпов, Мейірбек Сұлтанхан, Бексұлтан Орынбасаров (барлығы Қызылорда) қатысты.

Бұдан бұрын Қызылордада Абайға арналған танымдық кеш өтті.


Соңғы жаңалықтар