АӘК алушы 21 мыңнан астам отбасы нақты табысын жасырған - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен төлеудің заңдылығын қадағалайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жұмыс топтарының өңірлерге шығуы және «Е-Халық» ақпараттық жүйесі базасында жүргізген талдау барысында учаскелік комиссиялардың отбасының материалдық жағдайын анықтауға немқұрайлы қарау, кәсіпкерлік (еңбек) қызметтен түскен табысты «жасанды» төмендету, еңбек қатынастары мен жеке қызмет бойынша тіркеудің болмау фактілерін анықтады», делінген хабарламада.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, осылайша АӘК алушылар тарапынан табысын жасыру ең көп таралған бұзушылық болып отыр.

Мысалы, кәмелетке толмаған екі бала тәрбиелеп отырған Алматы облысының 25 жастағы тұрғыны мамыр айында АӘК алу үшін жүгінген. Табыс ретінде ол жұбайының жалақысын 43 мың теңге деп көрсеткен. Бұл мәлімет міндетті зейнетақы жарнасымен расталып, отбасыға жылына 739 860 теңге мөлшерінде АӘК тағайындалған. Алайда, шілдеде жұмыс беруші бірінші тоқсан үшін қосымша 77 100 теңге көлемінде қосымша зейнетақы жарнасын төледі. Осылайша, өтініш берушінің нақты табысы айына 300 мың теңгені немесе 2019 жылғы бірінші тоқсанда 900 мың теңгені құрап отыр.

Тағы бір мысал: Маңғыстау облысының 25 жастағы тұрғыны сәуір айында отбасы құрамында 3 адамды, оның ішінде бір кәмелетке толмаған баланы көрсетіп, АӘК-ке құжат тапсырған.Табыс ретінде ол 42 353 теңге жалақысын ғана көрсетіп, оған 4 235 теңге мөлшерінде МЗЖ төленген.Оған АӘК 706 944 теңге сомасында тағайындалды.Оған қаңтар-наурыз айларындағы еңбегі үшін маусым айында жалпы сомасы 86 617 теңге қосымша жарна төленді. Тиісінше, жәрдемақы алушының жалпы табысы 2019 жылғы бірінші тоқсанда 908 527 теңгені құрап отыр.

Осылайша, бұл азаматтар өздерінің табыстарының АӘК беру өлшемдерінен асып түсетінін біле отырып, олардың мөлшерін төмендетіп, әлеуметтік қызметтерге жалған ақпарат берген.

«Е-Халық» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, 21 мыңға жуық отбасы табысы төмен және мұқтаж отбасыларға ғана берілетін атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алу үшін өздерінің нақты табысын жасырған.

Осыған байланысты, министрлік әкімдіктермен бірлесіп, «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының заңын бұза отырып рұқсатсыз төленген төлемдерді қайтару және қайта қарау, заңбұзушылықтардың алдын-алу бойынша әрбір анықталған факті бойынша жеке-жеке жұмыс жүргізеді», делінген хабарламада.

«Биылғы 15 тамыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 1,8 млн қазақстандық қамтылған. Жәрдемақы алушылардың көбі Түркістан облысында – 498,7 мың адам, Алматы облысында – 225,4 мың адам, Шымкент қаласында – 216,3 мың адам. Жәрдемақы алушылардың 42%-ы - қала тұрғындары, 58%-ы - ауыл тұрғындары.

1 тамызға шейін 103 млрд теңге сомасында АӘК төленді. Бір отбасына төлемнің орташа мөлшері айына 86 мың теңгені құраған», делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар