9000-ға жуық сөзді қамтыған «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі» жарыққа шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлттық аударма бюросының үйлестіруімен «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі» мен Оксфорд сөздіктері («Әлеуметтік ғылымдар сөздігі», «Экономика сөздігі») жарыққа шыққан еді. Сөздікті шығаруға сала мамандары мен беделді ғалымдар, тіл мамандары атсалысты. Осыған орай «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігін» құрастырушы топқа жетекшілік еткен, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлымен сұхбаттасып, жоба жайлы сұрап-білген едік.

– Алғаш рет 9000-ға жуық сөзді қамтитын «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі» жарық көріп отыр. Бұл жоба қашан басталған еді?

Сөздіктің жұмысын осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын 2018 жылдың қазан айынан бастадық. Сөздіктің нұсқаулығын дайындаудан бастап, оған енетін реестр сөздерді анықтап, түсіндірме анықтамаларды жазып болғанға дейін 8 айдан аса уақыт кетіпті. Қалған екі-үш айда сөздікті редакциялап, баспаға дайындап, беттелген нұсқасын қарап шықтық. Негізінен 2011 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жұмыс істеп жүргенде «Кірме сөздер сөздігі» деген ғылыми жобаның негіздемесін дайындап, осындай сөздік жасауды жоспарлап, тілдік материалдар жинай бастаған едім. Жобаны қаржыландыру мәселесі де шешілген болатын. Алайда артынша Мәдениет министрлігіне қарасты Тіл комитетін басқаруға шақырылып, мемлекеттік қызметке ауысып кеткендіктен бастаған істі аяқтау мүмкіндігі болмады. Ол жобаны кейін институттағы әріптестер жалғастырды.

Көпшілікке таныс, тілде жиі қолданылатын атауларды қамтуды көздедік

– Сөздікте қанша сөз қамтылды, көлемі қандай?

Сөздікте 9 мыңға жуық, дәлірек айтқанда 8 985 сөз қамтылды. Көлемі – 596 бет, 37-ден астам баспа табақ.Таралымы – 10 000 дана.Бастапқы жинақталған түсіндірме анықтамаларды түгел қамтығанда еңбек бұдан да көлемді болар еді. Бірақ біз авторлар дайындаған түсіндірме анықтамалар жазылып болғаннан кейін де, оның үштен біріне жуығын қысқарттық. Өйткені олардың арасында көпшілік қауымға аса таныс емес, тек белгілі бір ғылым салаларының мамандары ғана білетін ғылыми терминдер едәуір болды. Шет тілдерінен енген ондай терминдер түрлі ғылым салаларында жүздеп, мыңдап саналады. Терминдердің терминологиялық сөздіктерде берілгені орынды. Біз солардың арасынан көпшілікке мейлінше таныс, жалпы тілде жиі қолданылатын, тіл тұтынушылары тарапынан көп ізделетін атауларды барынша қамтуды көздедік.

Сөздік жасауға кімдер қатысты, құрастырушы авторлар туралы айта кетсеңіз?

Сөздікте өзге тілдерден енген сөздер қамтылып, олардың мағынасы түсіндіріліп, шығу тегі көрсетілетіндіктен, оған жетекшілік етуге, құрастыруға шет тілдерінің мамандары көбірек тартылды.Мәселен,Бағлан Мизамхан Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті Аударма және филология факультетінің деканы, Қазақстан аудармашылары қауымдастығының президенті, филология ғылымының кандидаты, көптеген еңбектерді аударған тәжірибелі маман.Дәурен Боранбаев – осы университеттіңАударма ісі: ілеспе аударма мамандығын тәмамдап, аударма ісі магистрі ғылыми дәрежесін алған, Шетел филологиясы мамандығы бойынша докторантурада оқып жүрген маман. Ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасының профессоры Сәбира Исакова Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінің француз факультетін француз және орыс тілдері мамандығы бойынша бітірген, филология ғылымының докторы, профессор. Гүлфар Мамырбек Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетін Араб тілі мамандығы бойынша тәмамдаған, филология ғылымының кандидаты. Қазір Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ғылыми-практикалық орталығында орфография басқармасының басшысы. Гауһар Әлімбек Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті профессоры, филология ғылымының кандидаты, доцент. Сөздіктің жалпы редакциясын басқарған әрі авторларының бірі өзім де Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорымын. Жобаның жетекшісі Ұлттық аударма бюросының директоры РауанКенжеханұлы.

Кірме сөздер сөздігін дайындаудың маңызы қандай, оған деген сұраныс бар ма?

– Мұндай сөздікке сұраныс та бар, қажеттілігі де дау туғызбайды ғой деп ойлаймыз. Тілімізде шет тілдерінен енген мыңдаған сөз бар. Олардың қандай мағынаны білдіретінін, қай тілдің сөзі екенін әркім-ақ білгісі келеді. Мектеп оқушысынан бастап, түрлі саланың мамандары шет тілдерінен енген сөздердің мағынасын түсінгісі келіп, түрлі құралдарға, сөздіктерге жүгініп жатады. Тіл мамандары біз де үнемі олардың мағынасын анықтап, этимологиясын білуге ниетті болып жатамыз. Ондайда көбінесе орыс тілінде жарық көрген «Словарь иностранных слов» сияқты сөздіктердің әр жылғы басылымдарына жүгінеміз. Қазақтілді қауымның қажетін өтейтін мұндай сөздік өз тілімізде де болуы керек қой. Меніңше, мұндай сөздік оқушылар, студенттер, мұғалімдер мен оқытушылар үшін де, әртүрлі мамандық иелері үшін де өте қажет. Жалпы кірме сөздер сөздігін жасау қажеттілігі туралы жиі айтылып, мәселе көтеріліп жатады. Осыдан екі ай уақыт бұрын 26 қыркүйекте Алматы қаласында тіл мәселесіне арналған жиын өтті. Оған мәдениет министрінің орынбасары қатысты. Сол жиында Экомика институтының директоры, академик Әзімхан Сатыбалдин бізге, тіл мамандарына қаратып: «Балаларымыздан бастап, бәріміз шет тілдерінен енген сөздердің мағынасын іздегенде қазақша мардымды мәлімет таппай жатамыз, «Кірме сөздер сөздігін» неге жасамайсыздар?» деді. Біз осындай сөздіктің жуырда жарық көретінін айттық. Яғни, бұл да кірме сөздер сөздігіне деген қажеттіліктің бар екенін айғақтайтын нақты мысалдың бірі. Жалпы мұндай сөздік бұдан едәуір ертерек жасалса орынды болар еді. Алайда, жекелеген тілдерден енген сөздерді (араб-парсы) қамтыған шағын сөздіктер шыққанымен, бірнеше тілді қамтыған сөздікті жариялаудың орайы енді келді. Бұл бірнеше тілден енген кірме сөздерді қамтыған алғашқы сөздік. Ендігі жерде осы сөздікті жасау тәжірибесін ескеріп, келесі басылымдарды бұдан да толымды, көлемді етіп, құрылымдық-мазмұндық тұрғыдан түрлендіріп, жетілдіріп шығаруымызға болады.

Ұлттық аударма бюросы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біздің «Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігімен» қатар Оксфорд сөздіктерін («Әлеуметтік ғылымдар сөздігі», «Экономика сөздігі») де аударып басты. Мұндай бұрын басылмаған жаңа үлгідегі сөздіктердің жарық көруі лексикографияның дамуы, сөздіктер сапасының көтерілуі үшін өте маңызды.

Кірме сөздер сөздігінің құрылымында қандай ерекшелік бар?

Сөздік алғы сөзден, пайдаланушыға арналған нұсқаулықтан, шартты қысқартулар мен әліпби ретімен берілген реестр сөздерден тұрады. Реестр сөздер жартылай қою үлкен әріптермен берілді. Құрылымы жағынан сөздік лексикографияда кең тараған, сынақтан өткен үлгі бойынша жасалды. Ал сөздердің мағынасын түсіндіруде сөздік мақаланың мейлінше қысқа, нақты болуына көңіл бөлдік. Сөздік көлемі тым ұлғайып кетпеуі үшін әр мақалада сол сөздің қолданысын көрсететін мысал берілмеді.

Сөздікте қай тілдерден енген сөздер көп қамтылды?

Сөздіктегі сөздердің басым бөлігін араб, парсы, ағылшын, грек, латын, француз, неміс, испан тілдерінен енген сөздер құрайды. Португал, орыс, моңғол, түрік тілдерінен енген сөздер олармен салыстырғанда әлдеқайда аз. Сондай-ақ, әзербайжан, бретон, венгер, жапон, идиш, исланд, кельт, қытай, малай, нанай, нидерланд (голланд), норвег, поляк, румын, тибет, украин, хинди, чех, швед, шотланд тілдерінен енген сөздер де бар. Бұл тілдерден енген сөздер одан да сирек кездеседі. Сөздіктегі араб, парсы, моңғол, түрік сөздерінен өзге тілдер сөздерінің дені бізге орыс тілі арқылы енген. Орыс тілі өзінің дыбыстық жүйесіне, емлесіне икемдеп қабылдаған кірме сөздердің бәрі дерлік біздің тілімізге сол қалпында, өзгеріссіз алынған. Сондықтан олардың кірме сөз екендігі көзге ұрып, бірден көрініп тұрады. Бірақ нақты қандай мағынаны білдіретінен жұрттың бәрі біле бермеуі мүмкін. Ал араб және парсы тілдерінен енген сөздердің көбі өзіміздің төл сөздеріміз сияқты қабылданады. Мысалы, айла, ақыл, алқа, әйел, әзіл, әйнек, әскер, жауап, жесір, заман, қиял, қуат, мата, мұра, хат, шарап, бақыт деген сөздердің араб тілінен енгенін, ал айна, алау, байғұс, бақша, жануар, жоңышқа, жүгері, жігер, зерек, зергер, құса, шеңбер, шұға, шырын сөздерінің парсы тілінің сөздері екенін филолог мамандар болмаса, қалың көпшіліктің бәрі бірдей біле бермейді. Олардың да кірме сөздер екені көрсетіліп, түпнұсқа тілдегі мағынасы мен қазақ тіліндегі мағыналары түсіндірілді. Сөздікке тілімізге кейінгі жылдары еніп, қазір жиі қолданылып жүргенбанкомат, ноу-хау, паркинг, тьютор, франчайзинг тәрізді сөздер де алынды.

Жалпы бірнеше тілдің мамандары біріге отырып жасаған біздің ұжымдық еңбегіміз көпшілік қауымның қажетіне жарайтын, практикалық құндылығы бар сөздік болады деген үміттеміз.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Соңғы жаңалықтар