80 жылдыққа – 80 кітап. «Тараз мұралары» көптомдығы жарық көрді

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысының 80 жылдығына қарай өткен салтанатты жиында «Тараз мұралары» танымдық-тарихи көптомдықтың 80 томының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстың 80 жылдық мерейтойына арналған айрықша жиын, салтанатты шара «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің «Көрме» павильонының үлкен залында өтті. Мерейтой қарсаңында көпшілікке есігін айқара ашқан залда алдымен көрермен назарына облыс тарихы мен жеткен жетістіктері туралы арнайы әзірленген бейнефильм ұсынылды.

Жиын барысында «Тараз мұралары» танымдық-тарихи көптомдықтың алғашқы жарық көрген 80 томының таныстырылымы өтті. Кітап лентасын тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылыми академиясының құрметті мүшесі Талас Омарбеков пен атақты абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов қиды.

«Сонау Түркі қағанаты дәуірінен бері қарай өңір жұрты қайта-қайта әруағына сыйынып жатқан Әулиеата, Жамбыл бабаларымыздың еске алынуы Тараз жерінің рухани дамып жатқанының көрінісі. Сондықтан да, біз мына ұсынып отырған «Тараз мұралары» атты 80 томдық кітап осы ұстанымды, осы идеяны ары қарай жалғастырушы. Кез-келген дамыған ел өзінің жеке тұлғаларымен, дара тұлғаларымен мақтанады. Ең алдымен рухани мұраларымен мақтанады. Мысалы, Голландия Рембрандтпен, Германияның Бонн деген кішкентай ғана қаласы Бетховенімен мақтанады. Ондай тұлғалар бізде де жеткілікті. Олардың жеткен жетістіктері мақтан етуге әбден лайықты. Қасиет дарыған Тараз жерінде де көптеген таланттар дүниеге келіп, өсіп-өнген жер. Олардың ішінде жазушылар, ақындар, журналистер, өнер қайраткерлері, ғалымдар көптеп кездеседі. Олар тек республика көлеміне ғана емес, дүние жүзіне мәшһүр. Міне, осыны ескере отырып, рухани мұраларымызды ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отыруымыз керек. Бүгін тұсауын кескен, 80 томнан тұратын кітаптың миссиясы да сол», – деді профессор Талас Омарбеков.

Сондай-ақ, 80 томдықты арнайы ҚР Ғылыми кітапханасына, ҚР Президенті кітапханасына тапсыратынын айтқып, жиынға қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға салтанатты түрде жинақ-кітапты табыс етті. Айта кетейік, бұл көптомдықты шығару жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.

Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жамбылдықтарды осынау айтулы мерекемен құттықтап, ҚР Премьер-Министрі, Үкімет басшысы Асқар Маминнің жүрекжарды құттықтау хатын оқып, оны облыс әкімі Асқар Мырзахметовке салтанатты түрде табыс етті.

«Қадірменді облыс тұрғындары! Сіздерді Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Бұл өлке бір кездері құдыретті Қарахан мемлекеті салтанат құрған, Қазақ хандығы ірге көтеріп, туын тіккен жер. 100 жасаған Жамбыл атамыздың атын иемденген ежелгі Әулиеата жері алтын құрсақты өңір. Күміс көмей әншілер мен дәулескер күйшілер, білікті билер мен білекті батырлар өткен аймақ» деп ерекше атап өткен болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының дамуына үлкен мән береді. Қазіргі таңда еліміздің экономикасын дамытуға, мәдениеті мен руханиятын байытуға өңірдің қосып отырған үлесі айрықша.

Жамбыл облысы – химия өнеркәсібінің флагманы, баламалы энергия көздерін өндіріске алғаш енгізген өңір. Мұнда халықтың тұрмыс-санасын арттыруға бағытталған жаңа бастамалар, пилоттық жобалар іске асырылуда. Облыс мерейтойы аясында бүгін осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ұрпаққа үлгі болар терең тарихына куә болып отырмыз. жаңадан ашылған «Тектұрмас» этно-тарихи, «ШАХРИСТАН» этно-мәдени кешендері, Әулиеатаға, Кенен Әзірбаевқа, Асқар Тоқпановқа арналған ескерткіштер мен облыстық өлкетану музейі, руханият және тарихтану орталығы, шеберлер туризм орталығы, көркемсурет галереясы, сағат стелласы сияқты шығыс сәулет үлгісіндегі ғимараттар тағылымы мол тарихты тануға, өңір мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртуға, туризмді дамытуға айтарлықтай үлес қосады деп сенемін. Бірлігі мен тірлігі жарасқан мерейлі өлкенің торқалы тойы құтты болсын. Баршаңызға бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін», делінген құттықтау хатта.

Келесі кезекте өңір басшысы Асқар Мырзахметов «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен бірқатар азаматтарды марапаттады. Олардың қатарында КСРО және Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов, Қазақстанның халық артисі, театр және кино әртісі Гүлжан Әспетова, Қазақстанның және Қырғыз республикасының халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынбек Қоразбаев, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының чемпионы, Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті мүшесі Талас Омарбеков, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші Бағдат Сәмидинова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, композитор, «Дос Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы Мұрат Құсайынов, сатирик-жазушы Толымбек Әлімбекұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанғара Дәдебаев, бокстан Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Олимпиада ойындарының чемпионы Ермахан Ибраимов бар. Жиын соңы облыстық мәдениет саласы қызметкерлерінің дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Соңғы жаңалықтар