+7 (701) 759 90 19
USD 402.37 EUR 449.81
RUB 5.86 CNY 56.67
Jańalyqtar

80 жастағы волонтер: Қарттар белсенді болып, қоғамға еңбек сіңіруі тиіс

2020 жылғы 12 ақпан 12:48
Бөлісіңіз:
80 жастағы волонтер: Қарттар белсенді болып, қоғамға еңбек сіңіруі тиіс

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына Қарағанды облысының Теміртау қаласынан 80 жастағы волонтер Бірлікбай Ордабай қатысты. «Жүрген ортамның жақсы да жайлы болғанын қалаймын», дейді ҚазАқпарат тілшісімен әңгіме барысында ақсақал.

«Өзім металлургпын. Еріктілер қатарына өз ынтаммен, ешқандай ақысыз қайырымдылық көзқарасыммен еніп отырмын. Өйткені, жақсылықтың шапағатын шашып, жүрген ортамыздың жақсы болуын қалаймын. Ортам жақсы болса менің де жағдайым жайлы деген сөз. Теміртаудан бірнеше ерікті келдік. Біздің бағытымыз – әлеуметтік сипат. Қаламызда ардагерлер ұйымы, зейнетке шыққан 29 мың адам бар. Олардың ішінде Екінші дүниежүзілік соғыстың 12 ардагері бар. Ардагерлеріміздің ең жасы – 94-ке келді. Оларға әрдайым қамқорлық көрсетеміз. Соғыс кезіндегі тыл еңбеккерлерінің саны – 1600. Олардың ең жасы – 84-те. Біз көбінесе солардың жағдайын ойлап, көмек қолын созамыз», - деді қарт волонтер Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жиында.

Волонтер қарттар құқығының қорғалуына барынша назар аударады екен.

«Соғыс кезінде Ленинград блокадасында қалған бүгінде көзі тірі бес адамымыз бар. Фашистік лагерлерде болған 15 тұтқын да қатарымызда. Барлығы біздің тізімде. Өкінішке қарай, қарттарымыздың саны сиреп бара жатыр. Еңбек ардагерлерін қатарымызға қосып, қоғамдық жұмысқа тартып жатырмыз. Биыл Волонтерлер жылы мен Жеңістің 75 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр екен. Біздің ойымызша, елімізде Ардагерлер туралы заң қабылдануы керек. Ардагерді тек соғысқа қатысушы ретінде есептемейік. Еңбек ардагерлері де қатарымызда қаншама. Жалпы, қоғамның өмір жасы ұзарып келеді. Қарттардың өмір жасы ұзақ болуы үшін белсенділік танытып, өз еркімен елдің дамуына үлес қосуы тиіс», - дейді ол.

Қарт волонтер қазақтың «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөзін еске салды.

«Былтыр Еуропаға барғанымда бүкіл құрлықтың орман ішінде екеніне көзім жетті. Сол орманның 80 пайызы қолмен отырғызылыпты. Демек Қазақстанда да біз ағашты көп отырғызуымыз керек», - деді ол.

Айта кетсек, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына қатысты. Фронт-кеңсе бүкіл Қазақстанның волонтерлері үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталыққа айналатын болады. Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар мен оқыту бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг жасау, волонтерлікті ілгерілету бойынша бірыңғай ақпараттық саясатты жүргізеді және бірыңғай Call-орталықтың жұмысын ұйымдастырады.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT