70 жастағы әже жолаушы тасып еңбек етеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Алматы облысының 70 жастағы тұрғыны Айымгүл Ережепова жолаушы тасып жұмыс істейді. Біз көлік тізгінінен босаған кезін пайдаланып Айымгүл әжеймен әңгімелесіп қайттық.

— Айымгүл апа, таксист болғаныңызға қанша жыл болды?

— Алты жыл болды. Өзім Қарақалпақстаннан көшіп келгем. Сол қарақалпақ жерінде бастауыш сыныпта мұғалім болдым. Ол жақтағылар қазақ деп жақтырмады бізді. Сондай намыстанатынмын. Қазақстанға 1997 жылы көшіп келдік. Содан шалыма « керек балаңды алып сен қалсаң қал, ал мен өзіме керек баланы алып кеттім қазағыма» деп айттым. Қазақстанға 1997 жылы көшіп келдік. Базарға шықтым, сауда жасадым. Тауар тасығанда көліктен қиналдым. Содан балаларыма машина алатынымды айттым. Балаларым «жүргізе алмайсыз, оны қайтесіз» деп шықты. Айтқанымнан қайтпай жүріп бір ескі көлік алдым. Оның ақшасын зейнетақымнан ұстап қалатын болды.

— Зейнетақыңыз жететін бе еді?

—Зейнетақым қазір 70 мың теңге болды. Содан машинам тұрды. Біркүні үйде сүт бітіп қалды. Көлігіме отырдым да сүт алып келдім. Ақырын жүргізіп бардым. Сөйтіп отырсам бір бала «апа, ауылға дейін 50 теңгеге ала кетіңізші»,-деді. Ертесі ерте шығып алдым. Ол күні адам тасып жүріп, 1000 теңге таптым. Тыныш отыра алмаймын үйде. Бау-бақшаны егем, күтем. Таңның атысы кештің батысы тыным таппаймын.

— Әйелдің такси жүргізушісі болғаны қауіпті. Өміріңізге сондай қауіп-қатер төнген кезі болды ма?

— Жоқ. Мен алысқа шықпаймын. Қаскелеңге барам, базарға барам. Одан алысқа бармаймын. Біреу соғып кетуі мүмкін ғой.

—Жол ережесін бұзған кезіңіз болды ма?

— Мен көлікті қатты жүргізбеймін. Ары кетсе 60—70-пен ғана жүремін.

— Адамдардың пейілі қандай? Сіздің көлігіңізге отырған жолаушы жолақысын дұрыс төлей ме?

— Адамдардың пейілі әртүрлі. Көлігіме отырған жолаушының көңілін көтеру үшін күлдіремін, әзілдесемін. Уайым басып жүретін адамдар көп.

— 8 Наурыздағы өзіңіздің көңіл күйіңіз қалай?

— Осы мерекеге қарсы әйелдер көп жүр. Соларды тасып жүрмін ары-бері. Өзім машинамен тапқан тиын-тебенімді жинап, тығып қоям, өзіме сыйлық жасаймын. Маған неге сыйлық бермейді деп балаларыма ренжімеймін.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар