«7-20-25» бойынша берілетін несиенің шегі көтеріле ме
Банк жауабына сенсек, жыл басынан бері «7–20–25» бағдарламасы бойынша сатып алынған үйлердің орташа бағасы құжатта көрсетілген шекті бағадан 14-28% төмен болған. Осыны алға тартып, Ұлттық банк несиенің шекті мөлшерін көтеруге негіз жоқ деген қорытындыға келіпті. Бұл ұстанымдарын былай түсіндіреді.
«Бағдарламада өңірлер бөлінісінде сатып алынатын тұрғын үйге 3 баға лимиті көзделген. Бұл:
– Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында және олардың қала маңы аймақтарында, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында 25 млн теңгеге дейін. Аталған 5 қалаға 2021 жылы бағдарлама бойынша берілген қарыздардың 71%-ы тиесілі. Сол 71%-несиеге сатып алынған тұрғын үйдің орташа құны 18 млн теңге болған.
– Қарағанды қаласында 20 млн теңгеге дейін шек қойылған. Мұнда 2021 жылы несиеге сатып алынған тұрғын үйдің орташа құны 16,8 млн теңгені құрайды;
– қалған өңірлерде несие шегі 15 млн теңгеге дейін. Ал сатып алынған тұрғын үйдің орташа құны – 12,9 млн теңге.
Жоғарыда айтылғандай, тұрғын үйдің орташа бағасы шекті бағадан 14–28% төмен. Бұл «7–20–25» бағдарламасы шеңберінде сатып алу үшін тұрғын үйдің ең жоғары құнын арттыруға негіз бермейді», - деп жазады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.