«7-20-25» бағдарламасы: 57 мыңға жуық өтінім қабылданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экономиканы қолдау үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атап айтқанда, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы тұрғысында биылғы 9 сәуірдегі жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктерге 1,1 тлрн теңгеге 1 472 өтінім келіп түсті, банктер 607,3 млрд теңгеге 874 қарыз берді», - деді ҰБ басшысы Үкімет отырысында биылғы қаңтар-наурызда елдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын талқылау кезінде.

Оның айтуынша, кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша биылғы 9 сәуірдегі кезеңде кәсіпкерлер 745,6 млрд теңгеге 2 956 өтінім жасады. 751,2 млрд теңгеге 7 532 қарыз берілді, оның ішінде бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен 178,9 млрд теңгеге 2 863 қарыз берілді.

«2021 жылғы 2-тоқсанда қаражатты толық игеру күтіліп отыр, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 800 млрд теңгеге 8 500 жобаны қаржыландыру ескерілген», - деді Досаев.

Бұдан бөлек ол «7-20-25» бағдарламасы аясында 2021 жылғы 8 сәуірдегі жағдай бойынша 681,3 млрд теңгеге 56 994 өтінім қабылданып, оның ішінде 308,8 млрд теңгеге 26 010 қарыз берілгенін айтты.

«Ал «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бағытында 2021 жылғы 8 сәуірдегі жағдай бойынша 1,1 тлрн теңгеге 119 103 өтінім алынды, 451,3 млрд теңгеге 50 109 қарыз берілді. Бағдарламаны қаржыландыруды 600 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды ескере отырып, оның игерілуін 2021 жылдың соғына дейін аяқтау ескерілген», - деді ҰБ басшысы.


Соңғы жаңалықтар