622 солтүстікқазақстандық мемқызметші тәртіптік жазаға тартылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр мемлекеттік қызметшілерге 622 тәртіптік жаза қолданылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы Елена Степаненко брифингте мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза не үшін қолданылғанын айтты.

Көрсетілетін мемлекеттік қызметті бақылау мақсатында 2020 жылы 19 тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 183 олқылықтың беті ашылды. Олар конкурстарды өткізу рәсімдерін және өтініштерді қарау тәртібін сақтамауға қатысты. Тексерістер профилактикалық бақылау мақсатында және өтініштер негізінде жоспардан тыс жүргізілген. Жұмыстардың барысында 13 адамның, соның ішінде 7 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді.

«Мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарының қорғалуы департаменттің ғана емес, Кеңестің барлық мүшелерінің және Әдеп жөніндегі уәкілдердің назарында. Олардың жұмыс уақытынан тыс еңбек етуіне жол бермеу мақсатында облыс әкімі аппаратымен бірге мемлекеттік органдарда қолжетімділікті бақылау және есепке алу жүйесін енгізу мәселесі шешіліп жатыр. Былтыр жұмыс уақытынан тыс еңбек ету фактілері анықталған жоқ», - дейді Елена Степаненко.

Былтыр тұрғындардан мемлекеттік қызметтің сапасына қатысты 123 шағым түскен, оның 54-і құзырет шегінде қаралды. Азаматтардан түскен шағымдардың басым бөлігі мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамауына және жеке, заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібін бұзуға байланысты.

«Бір жылда Әдеп жөніндегі кеңестің 14 отырысы өткізіліп, 55 мәселе қаралды. Оның 39-ы профилактикалық тұрғыда өтті. 2019 жылмен салыстырғанда мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істердің саны 30% азайды. Былтыр облыстың мемлекеттік қызметшілеріне 622 тәртіптік жаза қолданылды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 17,8%-ке аз», - дейді департамент басшысы.

Әдеп кодексін бұзған 17 мемлекеттік қызметші жазаға тартылды. Теріс қылық жасағаны үшін - 12, қызметтік тәртіпті бұзғаны үшін - 10, өзге заңнама нормаларын бұзуға байланысты мемлекеттік органдардың 583 қызметкері жауап берді.


Соңғы жаңалықтар