6 айда аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар 3 есеге өсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша тіркелген аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны 3 есеге өсті. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша тіркелген аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есеге өсті. Ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша өсім 10 пайызды құрады. Жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесу 22 пайызға артты», - деді Нұрлан Жақсымбетов.

Оның атап өтуінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет нәтижелілігінің басты талаптарының бірі - қылмыстық әрекет салдарынан мемлекетке келген шығынды өтеу. Бұл ретте осы жылдың 6 айында агенттік қазынаға 33,2 млрд теңгені өтеді. Өткен жылдың сәйкес көрсеткішімен салыстырғанда бұл сома екі есеге артық. Соңғы 2,5 жылда 74,6 млрд теңге немесе анықталған залалдың 91 пайызы өтелген. Мысал үшін, бұл қаражатқа 37 мектеп немесе 70 балабақша салуға болады. Мемлекетке келтірілген залалды анықтау, оның жолын кесу және өтеу жөніндегі барлық ауқымды жұмысты агенттіктің небәрі 660 жедел қызметкері мен тергеушісі жүзеге асырады.

«2,5 жылдың ішінде олардың әрқайсысы орта есеппен 113 млн теңгені өтеді. Егер, бұл көрсеткішті жедел-тергеу бөлімшелері офицерлерінің ай сайынғы орташа жалақысымен салыстырсақ, бір қызметкерден 9 есе қаржылық қайтарым аламыз», - деп атап өтті департамент басшысы.


Соңғы жаңалықтар