5 жылда елордада 52 адам суға кеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың су айдындарында кейінгі 5 жылда 52 адам суға кеткен. Оның 12-сі – бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғау басқарма бастығы Рәтбек Демеуберген әкімдіктің ақпарат алаңында осындай статистика айтты.

«Жыл басынан бері елорданың су айдындарында адамдардың қаза болу статистикасы 8 адамға жетті. Оның ішінде 4 жасөспірім бар. Адамдардың қаза болу фактілері суға шомылуға тыйым салынған және жабдықталмаған учаскелерде тіркелген», - деді департамент өкілі.

Сондай-ақ, ол кейінгі бес жылда Нұр-Сұлтан аумағындағы су айдындарында тіркелген қайғылы оқиғалардың стастистикасын бөлісті.

«2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласының су айдындарында 5 адам қаза тапты. Соңғы 5 жылда өлім статистикасы 52 адамға жетіп отыр. Оның ішінде 12 бала болған. 2017 жылы – 17 адам (оның ішінде 2 бала), 2018 – 19 адам (оның ішінде 9 бала), 2019 жылы – 7 адам (оның ішінде 1 бала), 2020 жылы – 5 адам, (балалар жоқ) суға кеткен. Жоғарыда айтылғанның негізінде елорданың барлық тұрғындары мен қонақтарын су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға, сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмауға және оларды су айдындарына өздерін жібермеуге шақырғым келеді», - деді Рәтбек Демеуберген.


Соңғы жаңалықтар