5 жастағы қыздың өлімі: Анасы жағдайдың қалай болғанын айтып берді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде белгісіз жағдайда көз жұмған 5 жасар баланың ата-анасы оқиғаға дәрігерлерді кінәлап отыр. Сәбидің анасы Алмагүл Ахметова ҚазАқпарат тілшісіне оқиғаның дәл сол күні қалай болғанын айтып берді.

Алмагүл Ахметова баласының өліміне дәрігерлердің салғырттығы кінәлі деп есептейді.

«Дүйсенді, яғни 4 қараша күні кешкілік жөтелі басталды. Мен жөтелге қарсы шырын бердім. Ал бейсенбі күні балабақшадан хабарласып, ерте алып кетуді сұрады. Медбике қараған, қызуын түсірген. Сол күні әкесі сағат 5-тер шамасында алып кетті. Қызым әлсіреп қалған екен. Ал жұма күні қызуы көтерілген соң түстен кейін емханаға барып, дәрігерге қаралдық. Өкпесін тыңдап, таза екенін айтты да дәрілер жазып берді. Үйге келген соң қызуын түсіретін дәрі беріп, кішкене қалпына келді. Сол кезде сол қолы жансыздана бастады. Үйде телефон қарап отырып, қайта ауырып тұрғынын айтты. Учаскелік дәрігерге хабарласқан кезде жедел жәрдем шақыруды сұрады. Жарты сағаттан соң келді, ал қызым өз еркімен отыра алмады. Егіп, өкпесін тыңдады. Бірден облыстық ауруханаға барып, инсульт деген соң дәрігерді бір жарым сағат күтуге тура келді. Бәрі таза шықты. Содан соң жұқпалы аурулар ауруханасына жіберді. Менингит деп ойлады. Қабылдау бөлімінде қараған соң өкпесі қабынғанын айтты. Қайта жедел жәрдем шақырып, қалалық балалар ауруханасына жеткізді», - деді анасы Алмагүл Ахметова.

Іңкәрді қалалық балалар ауруханасына апарған кезде қайта тексеріп, өкпесінде кінәрат жоқ деп дәрігерлер кері қайтарған. Сол кезде қайтадан жұқпалы аурулар ауруханасына жіберуге жедел жәрдеп шақырылды. Іңкәрді сағат 20:00-де сол аруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды.

«Жексенбі күні дәрігерлер баламның көз жұмғанын айтты. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылғанымен жүрегі тоқтап қалған. Барлығы дәрігерлердің салғыттығынан болды. Егер олар дер кезінде қажетті қызмет көрсеткенде мүмкін осындай қайғыла жағдай болмас еді», -дейді Алмагүл Ахметова.

Еске салсақ, Ақтөбеде үш емдеу мекемесі қабылдамай қойған 5 жасар қыздың өліміне байланысты арнайы комиссия құрылғандығы туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар