46 жастағы өзбек гимнасты тоғызыншы Олимпиадасына дайындалып жатыр

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбек гимнасты Оксана Чусовитина 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиадаға дайындалып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Өзбекстан Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҰОК мәліметінше, аты аңызға айналған гимнаст Өзбекстанның биылғы чемпионатында қолды тіреп секіруден жеңіске жетіп, бүгінгі таңда бұл бағытта оған тең келер ешкім жоқ екенін тағы да дәлелдеді.

Наурыз айында ол Дохадағы әлем кубогының кезеңінде қолды тіреп секіруден бірінші орын алды.

Ішкі чемпионаттағы жеңістен кейін Оксана Чусовитина 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына дайындалуға шешім қабылдады.

«Мен жақсылап ойланып, Азия ойындарынан кейін Париж-2024 Олимпиадасына дайындалу туралы шешім қабылдадым», - деп мәлімдеді Чусовитина.

Айта кетейік, маусым айында 47 жасқа толатын Оксана Чусовитина Олимпиада ойындарына 8 рет қатысып, гимнастика тарихына және Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Оның жүлде қорында командалық көпсайыста Барселона-1992 алтыны, қолды тіреп секіруден Бейжің-2008 күмісі, сондай-ақ Әлем чемпионаттарында үш алтын, күміс және қола медальдар бар.

Токио-2020-дан кейін ол мансабын аяқтайтынын жариялады, бірақ кейінірек спортқа қайта оралды.

Егер ол Франциядағы төрт жылдықтың негізгі жарыстарына қатысса, онда ол өзінің рекордын жаңартады.


Соңғы жаңалықтар