42 500 теңгелік әлеуметтік төлем 3 миллионға жуық адамға беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 42 500 теңгелік әлеуметтік төлем 3 миллионға жуық адамға беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің тапсырмасы бойынша төтенше жағдайға байланысты табыс көзінен айырылған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем енгізілді. Бұл төлемге ақысыз демалысқа шығуға мәжбүрлі түрде жіберілген жалдамалы қызметкерлермен қоса ресми және бейресми өз бетінше жұмыс істеп жүрген азаматтар қосылды. Осыған байланысты егер барлығы 3 млн адамға дейін жетіп жатса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ай сайынғы төлемге 127,5 млрд теңге бағытталды. Азаматтар тарапынан өтініш жасау жолдары мен тәсілдері барынша қарапайым жасалды және қосымша жаңа техникалық-цифрлық шешімдер қарастырылуда», - деді Біржан Нұрымбетов.

Жалпы, министрдің айтуынша, ел азаматтарын жұмыспен қамту үшін «Еңбек» бағдарламасы іске асырылып жатыр.

«Бұл бағдарламаға қосымша 50 млрд теңге бөлініп, 136 мың қосымша жұмыс орны ашылады. Айта кетерлігі, «Еңбек» бағдарламасы осы жылы 600 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тартуға әлеуеті бар», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар