42 500 теңге: Өтінімді қалай беруге болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге жәрдемақыға өтінім беру жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалдамалы жұмысшылар үшін өтініш беретін жұмыс берушілер назарына: сіздер ақысыз демалысқа жіберілген өз қызметкерлеріңіз үшін ғана өтініш бере аласыздар. Қашықтан, толық емес режімде істейтін, жалақысын толық алып жүрген қызметкерлерді бұл өтінішке қоса алмайсыз. Өтінішті екі порталда: egov.kz – «электронды үкіметтің» веб-порталы және 42500.enbek.kz порталында тіркей аласыздар. Онда кәсіпорынның мәліметін көрсетесіздер. БИН-ді көрсеткенде барлық ақпарат шығады. Әр жұмысшының ЖСН-ын көрсеткенде адам туралы барлық мәлімет шығады, соны бір тексеріп аласыздар. Порталға кіргенде 20 қызметкердің өтінішін топтастырып жібере аласыздар. Сөйтіп, оны электронды цифрлық қолтаңбамен бекітесіздер. Тағы да ескертемін, карантинге қатысты күшейтілген шаралар кесірінен жұмысыңыз тоқтап тұрса ғана өтініш жіберіңіздер. Оны аудандық штабтар тексереді», - деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министр жұмысшылардың өздері өтінім беріп, әуре болмауын ескертті.

«Жұмысшылардың өздері жіберген өтініш бәрібір қабылданбайды. Басқаларға кедергі жасамауыңызды сұраймыз. 42500.enbek.kz порталында өз мәртебеңізді бақылай аласыздар. Өтініштің берілгені және қандай сатыда қаралып жатқаны туралы мәлімет ала аласыздар. Ал жеке практикамен айналысып жүрген азаматтар өтінішті өздері береді. Олар екі порталға қосымша «Электронды үкіметтің» telegram-bot-тарын да пайдалана алады. Басқа азаматтар – жеке тұлғалар осы порталдар арқылы және Телеграм-бот арқылы өтінім бере алады. Сіздерге қойылатын бір ғана шарт – жұмыстарыңыздың тоқтап тұрғаны. Оны аудандық штабтар мен салық комитеті тексереді. Егер кәсібіңіз тоқтамаса, өтініш берудің қажеті жоқ», - деді Б. Нұрымбетов.

Ертеңнен бастап, egov.kz – «электронды үкіметтің» веб-порталы, 42500.enbek.kz порталы және Телеграм-боттар өтініш қабылдауды бастайды.

«Каспи банк пен Халық банк қосымшалары әлі дайын емес. Дайын болғасын, олар да бірден іске қосылады. Сіздерден бір ғана өтініш беруді сұраймыз. Әр порталға бір-бір өтінімнен берудің қажеті жоқ. Бәрібір екінші өтініш қабылданбайды, бірақ ол порталдарға салмақ салуы мүмкін. Басқа азаматтардың өтініш беруіне кедергі болады», - деді Біржан Нұрымбетов.

Бұған дейін спикер 42500 теңге жәрдемақы төленетін санаттарды жариялаған еді.

Сонымен бірге министр 42500 теңге жәрдемақының кімдерге берілмейтінін түсіндірді.



Соңғы жаңалықтар