400-ден астам Көліктегі ІІД қызметкерлері марапатталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Көліктегі ІІД қызметкерлері Қазақстан полициясы және ҚР мемлекеттік қызметшілер күнін атап өтті. Салтанатты шараға департамент басшылығы және ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты. Сондай-ақ, мерекелік жиынға қызметтік міндетін өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан сақшылардың туыстары да қатысты, деп хабардай мекеменің баспасөз қызметі.

Шара әдеттегідей «Мәңгілік ұмытылмас есімдер» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.  Департамент қызметкерлері мен құрметті қонақтар қызметтік міндетін өтеу кезінде көз жұмған әріптестерін бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

 «Біз бүгін ішкі істер органдарының ардагерлеріне олардың көп жылдық адал және жанкешті қызметтері үшін ерекше алғыс айтамыз. Сондай-ақ, қызметтік борыштарын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан полицейлердің өшпес рухы алдында бас иіп, олардың ерліктеріне тағзым етеміз. Олардың қайсар мінезі мен антқа адалдығы біз үшін отансүйгіштіктің, туған елге деген махаббаттың  үлгісі болып қала бермек», - деді Департамент бастығы полиция полковнигі Аманжол Қабылов. Ол барша жиналғандарға денсаулық, отбасылық бақыт пен Отан алдындағы жауапты қызметтеріне табыстар тіледі.

Айта кетерлігі, департамент құрылғаннан бері қызметтік борыштарын өтеу кезінде 11 көлік полициясы қаза тапқан. Олардың арасында Қызылорда станциясындағы Ішкі істер желілік бөлімінің жедел уәкілі Мұратбек Өмірбеков те бар. Ол 1992 жылы арнайы операция барысында  екі аса қауіпті қылмыскерді залалсыздандыру кезінде алған ауыр жарақаттан көз жұмған.

М. Өмірбеков қаза болғаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбан» орденімен марапатталды. Оның ұлы Ринат Өмірбеков әке ізін жалғастырып жүр. Ол Шиелі стансасындағы желілік полиция бөлімінде қызмет етеді.

Бақдәулет Елшінбековтың көрсеткен ерлігі Арыс қаласы тұрғындарының әлі күнге дейін есінде.

1988 жылғы 17 маусым күні түнгі кезекшіліктен босаған Арыс стансасындағы ішкі істер желілік бөлімі қызметкерінің үйіне келе жатқан. Милиция старшинасы өзі тұратын үйдің маңында қылмыстары үшін бұрын екі рет сотталған, қылмыскерлердің арнайы комендатурасынан қашып шығып, іздеуде жүрген азаматты байқап қалады. Ол іле-шала арнайы жасаққа хабар беріп, өзі қарулы қылмыскерден көз жазып қалмау үшін оның ізіне түседі. Қылмыскерді құрықтау кезінде Бақдәулет жүрек тұсынан алған оқ тиіп қаза тапты, кейін бір жылдан соң оның отбасына Қызыл Жұлдыз ордені табыс етілді. Бүгінде Арыс қаласында бір көшеге Б. Елшінбековтың аты берілген.

Жиналған ардагерлерге ІІО-на сіңірген көпжылдық адал еңбектері үшін наградалар табыс етілді. Сонымен қатар, мерекеге орай 400-ден аса департамент қызметкері мен мемлекеттік әкімшілік қызметшісі медальдар және алғыс хаттармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар