40 тонна мал терісі мен оқ-дәріні Ресей асырмақ болғандар ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шекарашылар 40 тонна ірі қара мал терісін, 60 кг елік етін және 40-тан астам оқ-дәріні шекара асырмақ болғандарды құрықтады. Бұл жөнінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Шекарашылар өткен тәулікте Қазақстан-Ресей шекарасында бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда Ақтөбе шекара жасағының «Жайсан» өткізу пунктінде жалпы салмағы 39,5 тонна ірі қара мал терісін (құны 3 млн теңге шамасында) заңсыз өткізбек болған екі оқиғаның жолы кесілді. Ұсталғандар - 1990 және 1971 жылы туған Қазақстан азаматтары. Бұл іспен Ақтөбе облыстық мемлекеттік кірістер департаменті айналысып жатыр.

«Сондай-ақ, Ақтөбе шекара жасағының «Әлімбет» және Павлодар шекара жасағының «Қосақ» пунктілеріндегі тексеру барысында аң аулауға арналған 12 калибрдің жалпы саны 41 оқ-дәрісін алып өтпек болғандар ұсталды. Ұсталғандар аудандық полиция бөліміне тапсырылды» делінген хабарламада.

Осы күні Петропавл шекара жасағының «Қарақоға» өткізу пунктінде Қазақстаннан Ресейге «УАЗ» автомашинасымен кетіп бара жатқан 1969 жылы туған РФ азаматы ұсталды. Автокөлігін тексеру кезінде жүксалғыштан 60 кг жуық еліктің еті табылды. Акті жасалып, аудандық полиция бөліміне тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар