4 мыңнан астам ата-ана баласының теріс қылығы үшін жазаланды - Қарағанды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының ювеналдық полиция қызметкерлері күн сайын кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарын анықтау үшін рейдтер өткізуде. Бұл үшін күн сайын тәртіп сақшылары түнгі және компьютерлік клубтарын аралап, тәртіп бұзған жасөспірімдерді анықтауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Күн сайын облыстың ювеналды полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен және волонтерлермен бірлесіп, түнгі рейд жүргізеді.

Іс-шараның негізгі мақсаты - кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ата-анасынсыз және ересектерсіз үйден тыс жерлерде жүргенін анықтау және осыған қатысты жаза қолдану. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары мұндай рейдтерде балалардың тыйым салынған уақытта клубта жүруіне мүмкіндік беретін мекеме иелерін жауапкершілікке тартады.

«2019 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша облыстың ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 23.00-ден бастап 06.00 сағатқа дейін көше кезіп жүруіне жол бергені үшін кәмелетке толмағандардың 4486 ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Интернет-кафелер, компьютерлік клубтар мен ойын-сауық орындары тексерілді, рейд нәтижесі бойынша 122 мекеме иелеріне қатысты ҚР ӘҚБК 132-бабы бойынша әкімшілік материалдар жиналды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Өткізілген іс-шаралар нәтижесінде өткен жылы дүкен сатушыларына қатысты 621 әкімшілік материал құрастырылды. Олар кәмелетке толмағандарға алкогольді ішімдіктерді сатқан, сондай-ақ сауда орындарында 338 рет жасөспірімдерге темекі сату деректері анықталған.

Бұдан басқа, полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар тарапынан 263 ұсақ бұзақылық фактілерін анықтады. Бұл үшін осы балалардың ата-аналарына ҚР ӘҚБК 435-бабы бойынша әкімшілік жаза қолдануға тура келді.

«Жағдайы нашар 1087 отбасы анықталып, есепке алынды. Онда 1043 ата-анаға қатысты міндетін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік материалдар жасалды. Ювеналды полиция қызметкерлерінің материалдары бойынша 61 ата-ана құқығынан айырылды және 34 ата-ананың құқықтары шектелді. Қылмыс пен девиантты мінез-құлықты 39 кәмелетке толмаған арнайы білім беру ұйымдарына орналастырылды», - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД.

Ювеналдық полиция қызметкерлері сонымен қатар қандай да бір құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмаған 1112 жасөспірімді есепке алды.


Соңғы жаңалықтар