4,28 млн қазақстандық 42500 теңгеден алды
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім еткендей, 28 сәуірдегі жағдай бойынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 4 млн 280 мыңнан астам қазақстандыққа әлеуметтік төлем тағайындалды. Оның ішінде наурыз айында – 3 млн 732,5 мың, сәуір айында – 547,7 мың адам.
Бүгінге дейін 42 500 теңге мөлшеріндегі төлемді алуға барлығы 8 млн 24 мың азаматтан өтініш түскен.
Өтініштердің ең көп саны Алматы облысынан жолданған – 1 млн 45 мың. Кейінгі орындарда Түркістан облысы (999,7 мың өтініш), Алматы қаласы (896,6 мың), Нұр-Сұлтан қаласы (594,6 мың), Шымкент қаласы (534,5 мың) тұр.
Келесі өңірлердің тұрғындарына жәрдемақы ең көп тағайындалған:
- Алматы облысы – 624,2 мың;
- Түркістан облысы – 511,2 мың;
- Алматы қаласы – 413,2 мың.
«Келіп түскен 3 млн 658 мың өтініш бойынша 42 500 теңге тағайындаудан бас тартылды. Себебі олар ТЖ кезінде табысынан айырылуға байланысты МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемді тағайындау қағидаларына сай еместігі анықталды», - деді министрліктен.
Бас тартудың негізгі себептері мынадай:
- өтініш берушінің жеке деректерінің дұрыс көрсетілмеуі;
- банктік шот нөмірінің дұрыс көрсетілмеуі;
- өтініш берушіде тұрақты жалақысының болуы (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері);
- өтініш берушінің төтенше жағдай енгізілгенге дейін ресми жұмыс жасамаған зейнетақы мен жәрдемақы алушы болып табылуы;
- өтініш беруші үшін төтенше жағдай режимін енгізгенге дейін соңғы 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік аударымдардың, зейнетақы жарналарының жүргізілмеуі, БЖТ төлемеу немесе бейресми өзін-өзі жұмыспен қамғандардың өтініш бергенге дейін БЖТ төлемеуі;
- өтініш берушінің қайтыс болуы немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі.
Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.
Өтініштің қаралу статусын 42500.enbek.kz сайтында тексеруге болады.
Қосымша қарауды талап ететін ерекше жағдайларда азаматтар [email protected], [email protected] электрондық мекенжайларына жазбаша өтініш бере алады.