300 мыңнан астам алматылық міндетті медсақтандыру жүйесіне енбеген

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – 300 мыңнан астам алматылық міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне енбеген. Бұл туралы Алматы қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда Қазақстан бойынша 3 млн адам сақтандырылмаған. Алматыда жүйеге енбегендер саны 300 мыңнан асады. Көбі – жарнаны тұрақты төлемегендіктен статустан айырылып қалған бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, жеке кәсіпкерлер.

Сақтандырылмағандардың біраз бөлігі – төтенше жағдай кезінде табыстан айырылып, жарна төлей алмаған тұрғындар. Соған байланысты Қор Үкіметке табыс көзінен айырылған азаматтардың статусын қалпына келтіру жөнінде бірқатар ұсыныс жасаған болатын. Нәтижесінде 740 мыңға жуық адамның статусы қайтарылды. Осылайша, пандемия кезінде табысынан айырылған азаматтар МӘМС пакетіндегі қызметтерді толық пайдалануға мүмкіндік алды»,– дейді ол.

Сонымен қатар, ол статус мәселесі әлі де өзектілігін жоғалтпағанын тілге тиек етті.

«Өздеріңіз білесіздер, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап толыққанды іске қосылды. Бірақ қаңтар айынан бастап үш айға жеңілдік мерзімі жарияланып, кейін карантинге байланысты тағы да үш айға ұзартылды. Осы уақыт аралығында медициналық қызмет Қазақстанның барлық азаматтарына, сақтандырылса да, сақтандырылмаса да көрсетілді. Бір жағынан, бұл коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде халыққа көрсетілген қолдау болса, екінші жағынан жалпақ жұртшылық жаңа жүйенің артықшылықтарын сезінуі үшін қабылданған шешім болатын. Өкінішке орай, көпшілік мұны жарна төлеу міндетінен босату деп қабылдады. Салдарынан сақтандыру пакетіне енетін қызметтерді пайдалана алмады»,– дейді Тілеухан Әбілдаев.

Оның айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 1 қазаны аралығында Қорға 423,1 млрд теңгеге жуық қаржы жинақталды.

«Жарна көлемі жағынан Алматы қаласы көш бастап тұр – жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астананың еншісінде. Жалпы, 2017 жылдың шілдесінен бүгінгі күнге дейінгі аралықта Алматы қаласынан Қорға 81,3 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 68 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары болса, қалған 13,3 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндерге тиесілі. Сондай-ақ, 2019 жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 193 мыңнан астам алматылық 312,6 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлеген»,– деп қорытындылады спикер.


Соңғы жаңалықтар