30 жастағы полицей: Адал қызметкер – заң мен әділет сақшысы

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қоғам тыныштығы мен азаматтардың құқығын қорғауда қазақ полициясының орны бөлек, тұғыры биік. Биыл қазақ полициясының құрылғанына – 30 жыл. Құқық қорғау органында қызмет ететін қаншама қызметкер күні бүгінге дейін халықтың ыстық ықыласына бөленіп, алғыс арқалап жүр. Солардың бірі Қазақстан полициясымен құрдас Олжас Оспанов. Полиция майоры ҚазАқпарат тілшісіне таңдап алған мамандығы жайында айтып берді.

Қазақ полициясымен түйедей құрдас Олжас Оспанов 1992 жылы Алматы облысы, Қазақстан ауылында дүниеге келді. 2007 жылы Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернатқа оқуға түсті.

«Мен мектеп кезінен полицияда қызмет етуді армандадым, мектепті бітіргеннен кейін еш ойланбастан полицияда жұмыс істеуді таңдадым. Осылайша үлкен ықыласпен әскери училищені бітіре салысымен ІІМ Академиясына «құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітірдім», – дейді полиция майоры Олжас Оспанов.

Жоғары оқу орнын аяқтаған соң ол тергеуші қызметіне тағайындалды, кәсіпті меңгеріп, басшылық қызметке жетті. Бүгінде Алматы қаласы Түрксіб аудандық полиция басқармасы жанындағы анықтау бөлімінің басшысы.

«Қылмыстық істерді тергеу – үлкен жауапкершілікті талап ететін ауыр жұмыс. Адамның тағдыры соған байланысты, сондықтан да тергеу және анықтау органдарының өз ісіне адал қызметкерлері заң мен әділет сақшысы. Полиция қызметкері – ең алдымен, ақ пен қараны ажырата білуі керек», - дейді ол.

Тәртіп сақшысы қызмет барысында жинаған тәжірибе мен білім таңдап алған мамандығыңа адал болуға септігін тигізетінін айтты.

«Осындай жағдайда қызметкерлердің интеллектуалды деңгейі үнемі даму үстінде болатыны ешкімге құпия емес. Үнемі өзін-өзі тәрбиелеумен айналысатын, аналитикалық ойлау қабілеті бар эрудитті адамдар ғана күрделі қылмыстық істі ашады, заң бұзушылардың ықтимал әрекетін болжай алады. Ішкі істер органдары жүйесінде 10 жылдан астам уақыт жұмыс істесем де, таңдауыма еш өкінген емеспін. Мамандықты қайта таңдауға тура келсе, мен дәл осылай жасар едім», – деді Олжас Оспанов.

Кейіпкеріміз жоғары қабатты үйдің терезесінің сыртына шығып алған 4 жасар қызды қалай құтқарғанын еске алды.

«Полиция қызметкері болған соң түрлі оқиғалардың куәсі боласын. Мысалы, «Жұлдыз» ықшамауданында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде Сабина есімді 4 жасар қызды аман алып қалдым. Күндізгі кезекшіліктен кейін үйіме келе жатқан едім, бір топ адам мен жоғары қабаттағы терезенің сыртына шығып, жылап тұрған кішкентай қызды көрдім. Сол кезде еш ойланбастан өз міндетімді орындадым. Жоғары көтеріліп, көрші пәтер арқылы қыздың өмірін сақтап қалдым. Менің бұл әрекетім еш жерде, яғни әлеуметтік желіде, теледидарда көрсетілмеді, бірақ мұндай жағдайда бұл әрбір полиция қызметкерінің міндеті деп білемін», - дейді ол.

Бүгінгі күні Олжас Оспанов екі баланың әкесі. Жұбайы екеуі бір қыз, бір ұлды тәрбиелеп отыр.


Соңғы жаңалықтар