3 жасар баланы өлтірген қарағандылық өмір бойына бас бостандығынан айырылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Қарағанды облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 3 жасар баланы өлтірген Игентай Сопыжановқа қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

21 қаңтарда Қарағандыда сот үкімімен 24 жасар Игентай Сопыжанов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Үкімді Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Исламханов Есенбаев шығарды. Сот ғимаратына айыпталушы айдауылмен жеткізілді және үкімді жария ету аяқталғанға дейін оны екі қолынан ұстап тұрды. Себебі осыған дейін ол екі рет өзіне зақым келтіріп, сот процесін кейінге шегеруге тура келген.

Сот шешімі жарияланған кезде, судья айыптаушы тарап берген дәлелдер оның кінәсін айғақтауға жеткілікті болғанын мәлімдеді. Сот үкімімен Игентай Сопыжанов кінәлі деп танылып, ең жоғарғы қауіпсіздік колониясында өмір бойы қамауға алынды.

«Игентай Сопыжановтың кінәсін мойындауы және оның өкінуін сот шынайы емес деп санайды, себебі бұл мойындауы тергеу органы жоққа шығармайтын дәлелдемелерді ұсынғаннан кейін жасалды. Сопыжанов қоғам үшін аса қауіпті. Қылмыстық кодекстің 125-бабы бойынша сот 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалсын. ҚК-нің 261-бабы бойынша – 12 жыл бас бостандығынан айыру, ҚК 99-бабы бойынша – өмір бойы бас бостандығынан айыру, төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойы бас бостандығынан айыруды тағайындау туралы шешім қабылданды», — деп үкім шығарды судья Исламхан Есенбаев.

Алайда, үкімді естігенде, Игентай Сопыжанов залға наразылығын білдірді.

«Аллаға ант етемін, шындықты білгенде сіздер бұл үкім үшін өкінесіздер», - деді айыпталушы.

Сонымен қатар, судья баланың анасы Ника Васильеваның 10 млн теңге көлемінде моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Айыпталушы 5 млн теңге өтеуі тиіс.

Тергеу материалдарына сәйкес, Игентай Сопыжанов үш жасар баланы анасымен ұрысып қалғандықтан өлтірген. Ол үш жасар Максим Гарифулинді анасының қолынан жұлып алып кетіп, құрбысынан оны ұрып-соғу фактісі бойынша полицияға берген арызын алып кетуді талап еткен. Игентай Сопыжанов баланың анасымен кездесіп, жанжал барысында оны ұрып-соққан. Өз кезегінде келіншек учаскелік полиция инспекторына баласын алып қашып кету туралы арызымен жүгінген. Бұған дейін Сопыжанов адам өлтіргені үшін сотталған. Баланы ұрлаған соң ол Ника Васильеваға қоңырау шалып, онымен кездесу талап етті. Алайда, баланың анасы оның іс-әрекетінен қорыққаннан кездесуге бармаған. Нәтижесінде, үш тәулік бойы іздестіру жұмыстарын жүргінзген полиция қызметкерлері Қарағанды облысы Шет ауданы Бұрма ауылының шетіндегі орманның арасынан баланың өлі денесін тауып алды. Бір тәулік өткен соң қылмыскердің өзі Қарағанды теміржол вокзалында ұсталды.

Айта кету керек, бұл Қылмыстық кодекске түзетулер енгізілгеннен кейінгі баланы өлтіргені үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған алғашқы оқиға.


Соңғы жаңалықтар