3 шілде. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 3 шілдеге арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

70 жыл бұрын (1952) «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Серік Қуандықұлы АҚШОЛАҚОВ дүниеге келген.

Ақтөбе облысының Шалқар қаласында туған. Қазақ нейрохирургтары ассоциациясының Президенті, Ресей нейрохирургтары ассоциациясының құрметті мүшесі, Неврологиялық хирургтар Азиялық конгресі атқарушы комитетінің мүшесі, Нейрохирургиялық қоғамдар бүкіләлемдік федерациясының нейротравматологиялық комитетінің мүшесі, «Acta Neurochirurgica» нейрохирургиялық қоғамдардың Еуропалық ассоциациясы журналының редакциялық комитеті мүшесі.

Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс грамотасымен марапатталды. 2005 жылы жоғары дәрежелі тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды. 2005 жылы Дәрігерлердің бүкіләлемдік ассоциациясының «Әлемге қамқоршы дәрігер» атағына ие болды. 2006 жылы Бүкілресейлік көрме орталығының «Лауреат ВВЦ» медалімен марапатталды. 2008 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы күміс медаль иегері атанды. 2008 жылы Пирогов атындағы сыйлықтың лауреаты (Ресей). 2008 және 2009 жылдары «Алтын адам. Қазақстандағы жыл адамы» атағына ұсынылды. 2010 жылы ҚР Президентінің «Парасат» орденімен марапатталды. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері (1998 ж.).

58 жыл бұрын (1964) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Нұрлыбек Жұмахметұлы ОЖАЕВ дүниеге келді.

Атырау облысы Махамбет ауданы Махамбет ауылында туған. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын, Хәлел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында жұмысшы болып бастаған. Кейіннен Атырау облысы Махамбет аудандық Жастар ісі және спорт басқармасының бастығы, Атырау облысы Махамбет ауданы әкімі аппаратының басшысы, Атырау қалалық мәслихаты аппаратының басшысы, Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы, Атырау облысы Исатай ауданының әкімі, Атырау қаласының әкімі секілді лауазымдарды атқарды. 2016-2021 жылдары - «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болды.

Атырау облысы Дзюдо федерациясының президенті. Күрестен Қазақстанның екі дүркін чемпионы. 1985 жылы Қазақстан құрамасының құрамында болды, ҚР спорт шебері.

«Исатай батыр» қайырымдылық қорының директоры. «AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі Фракциясының мүшесі.

Бірқатар ордендермен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.

51 жыл бұрын (1971) – жоғары дәрежелі дәрігер, денсаулық сақтау үздігі, Еуропалық катарактальдық және рефракциялық хирургтар қауымдастығы (ESCRS) мүшесі Марат Смағұлұлы СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келді.

Алматы Мемлекеттік медицина институтының Емдеу факультетін (1994), Almaty Management University жанындағы магистратураны (2015) тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1994-1995 жылдары – Көздің мөлдір қабықшасы патологиясы зертханасының кіші ғылыми қызметкері, кезекші-дәрігер, «Көз аурулары ҚазҒЗИ»; 1995-1998 жылдары – Қазақ Мемлекеттік медицина университеті жанындағы аспирантура; 2001-2003 жылдары – «Көз аурулары ҚазҒЗИ» 2-бөлімшесінің меңгерушісі; 2005-2008 жылдары – «Көз аурулары ҚазҒЗИ» рефракциялық лазерлік хирургия бөлімшесінің меңгерушісі; 2008-2015 жылдары – «Көз аурулары ҚазҒЗИ» бас дәрігері; 2014 жылы – С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ офтальмология кафедрасының меңгерушісі; 2015 жылы – Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Көз аурулары ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары.

38 жыл бұрын (1984) Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы МҰҚАН дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 2004 жылы Қайнар университетін «Аудармашы» мамандығы бойынша, 2008 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «Экономика бакалавры» мамандығы бойынша, 2018 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Гарвард университетін «Мемлекеттік басқару (MPA)» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: 2003-2007 жылдары – Алматы қаласында «Жас Алаш» газетінің тілшісі. 2007 жылдың сәуір-қараша айларында – Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы. 2007-2010 жылдары – «Жайық Пресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры. 2010-2016 жылдары – Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары. 2012 жылдың мамыр-тамыз айларында – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі. 2012-2019 жылдары – Атырау облысы әкімінің орынбасары. 2019-2020 жылдары – KazPetroDrilling АҚ-ның корпоративтік даму бойынша вице-президенті.

Қазіргі қызметінде 2020 жылдың шілдесінен бастап.


Соңғы жаңалықтар