3 мыңға жуық медқызметкер өтемақы алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2,9 мыңнан астам медицина қызметкері COVID-19 инфекциясын және пневмонияны жұқтыруына байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан өтемақы алды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Еңбек министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министрліктің хабарлауынша, 28 қыркүйектегі жағдай бойынша МӘСҚ COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған 2 955 медицина қызметкерінің өтініші бойынша және аурудың салдарынан қайтыс болған 29 медицина қызметкеріне қатысты ақшалай қаражатты тағайындау мен төлеуді жүзеге асырды.

Өңірлер бөлінісінде медицина қызметкерлеріне COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтыру жағдайына төлемдердің ең көп саны Нұр-Сұлтан (638) және Алматы (373), Шымкент (140) қалалары, Қарағанды (368), Батыс Қазақстан (250), Атырау (180) және Ақмола (180) облыстары бойынша жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына ағымдағы жылдың 22 шілдесінде енгізілген өзгерістерге сәйкес жоғарыда көрсетілген төлем:

– коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн теңге;

– COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн теңге көлемінде төленеді.


Соңғы жаңалықтар