29 көршіміз онкологиядан көз жұмды - елордалықтар электрмен жабдықтаушы компанияны сотқа бермекші

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов жоғары кернеулі электр сымының астында тұрған үйлердің тұрғындарымен кездесетін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының Энергетика министрімен кездесуінде Байқоңыр ауданы Күлтегін көшесінде тұратын Гүлден Әділбекқызы үйінің үстінен жоғары кернеулі электр сымы тартылғанын мәселе етіп көтерді.

«Біз күрделі мәселеге тап келіп отырмыз. 1996 жылы Ақмола өңірлік электржелі компаниясы 110 мың вольттік жоғары кернеулі желіні бүкіл санитарлық ережелерді бұза отырып тартқан болатын. Төбемізде аса қуатты қондырғылар тұр. Салдарынан денсаулығымызға орасан зиян келіп жатыр. Сол кезден бері онкологиядан көз жұмған 29 адамды жерледік. Енді балаларымыз да ауыра бастады. Медицина мамандары талдау жүргізіп, сараптама жасады. Біздің шағын ғана қиылыстағы тұрғындардың 73 пайызы асқынған созылмалы және онкологиялық аурулар бойынша есепте тұр екен», - деді қала тұрғыны.

Айтуынша, бұл проблеманы әкімдікке де, электр қуатымен жабдықтаушы компанияның басшыларына да айтқан. Бірақ нәтиже болмай жатыр.

«Проблеманың себебін баяғыда түсінгенбіз. Бәрі біртіндеп шешілетінін айтып, уәде берген. Компанияның акционерлеріне барып, желіні тартқан кезде арнайы алаң жасалмағанын, санитарлық талаптар сақталмағанын түсіндірдік. Жауабын естігенде жағамызды ұстадық. «Дәлелдеп көріңдер, Ондайды сендерге кім айтып жүр? Ел не демейді?» деген жауаптар айтып, мазақ қылды.

Көшпелі комиссия құрып, тұрғындармен жиналыс өткізуді талап етеміз. Болат Оралұлы, сізбен, медицина мамандарымен және қадағалаушы орган өкілдерімен бірге мәселені әділетті түрде әрі жылдам қаралсын. Өткен аптада барғанымызда «25 жыл тостыңдар, тағы енді 5 жыл тосыңдар» деп шығарып салды.

Айтылған мәселенің бәрін растайтын Денсаулық сақтау министрінің сараптамасын көрсете аламын. 10 жасар баламның бетінде биыл ісік пайда болды. Онкологтың есебінде тұрмыз. Енді оны шетелге отаға апару керек. Компанияны сотқа беретініміз анық», - деді Гүлден Әділбекқызы.

Ақмола өңірлік электржелі компаниясының бас инженері Вячеслав Утябаевтың айтуынша, бұл аумақта техникалық талаптар сақталмағанымен санитарлық талаптар бұзылмаған.

«Ол желі тоқсаныншы жылдардың ортасында тартылған. Жер телімі тиісті тәртіпппен берілген, жобалық шешім әзірленіп, орындалған. Қазіргі таңда әкімдікпен бірге бірнеше жолын қарастырып жатырмыз. Соңғы нұсқа бойынша қосалқы желі мен қосалқы станса салынып жатыр. Яғни, бұл учаскедегі желі қолданыстан шығарылады. Мұнда техникалық талаптар сақталмағанымен, санитарлық талаптар бұзылған жоқ. Өркениетті жолмен шешкілеріңіз келсе, сотқа беріңіздер», - деді ол.

Бірақ оның бұл сөзін Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов теріске шығарды.

«Ақмола өңірлік электржелі компаниясының бас инженеріне бұлай сөйлеу жараспайды. Барып өз көзімізбен көргенбіз. Санитарлық қауіпсіздік сақталмағаны шын. Шара қолдану керек. Қалада жоғары кернеулі желіге жақын орналасқан 3 нысан бар. Жалпы қалада 110 мың вольттік желінің маңайына салынған 117 құрылыс бар. Бәрін түгендеп, тексеріп шықтық. Күлтегін, Лермонтов, Жиенқұлова көшелері шынымен де желіге тым жақын орналасқан», - деген әкімдік өкілі желіні тұрғын аумақтан тысқары шығарып тартуды ойластырып жатқандарын жеткізді.

Мәселенің сөзбұйдаға салынып бара жатқанын аңғарған тұрғындар министр Болат Ақшолақовтан ертең аталған аумаққа тікелей барып, жағдайды өз көзімен көруін сұрады.

Ведомство басшысы тұрғындардың бұл талабын мақұлдап, ертең, 21 мамыр күні сағат 13.00-де электр энергетикасына жауапты мамандармен бірге тұрғындармен жолығуға уәде берді.

Аталған шарада, Болат Ақшолақов БАҚ өкілдеріне елдің солтүстігі мен шығысындағы өңірлерін газдандыру мүмкіндіктері туралы мәлімет берді.


Соңғы жаңалықтар