28 қыркүйек. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 28 қыркүйекке арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

124 жыл бұрын (1897-1961) қазақ әдебиетінің әйгілі классигі, ұлы жазушы, ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов дүниеге келді.

Филология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР ҒА-ның академигі (1946), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957) Мұхтар Әуезов бұрынғы Семей уезі Шыңғыс болысындағы Қасқабұлақ деген жерде туып, балалық шағы көшпенді ауылда өтті. Болашақ жазушы ұлы Абай өз шығармаларында сонша терең әрі жан-жақты суреттеген сол кездегі қазақ қоғамының сипаты мол, қайшылыққа толы өмір-тұрмысын көзімен көрді. Семей қаласында медреседе, онан соң бес кластық орыс мектебінде, ал 1915-1919 жылдары мұғалімдер семинариясында білім алған. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде халық аңызы бойынша «Еңлік-Кебек» пьесасын жазады. Бұл қазақ ұлттық драмасының қарлығашы еді. Осы пьесасы мен 1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты. Сол жылдарда Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, басқа да белгілі әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен жақындасады. «Абай» журналын шығаруға атсалысады. «Оян, қазақ» деп ұран тастаған қозғалыс, олардың демократиялық идеялары Әуезовтің өмірлік мақсат нысанасын белгілеуіне тірек болды. Алашорда қайраткерлері өкімет орындарынан, ресми саясаттан ығыстырыла бастаған соң, 1923 жылдан бастап көркем әдебиет саласына бар күш-қуатын жұмсап, өнімді еңбек етуге кіріседі. 1923-1926 жылдары «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» әңгімесін жазады. 1923-1928 жылдары Ленинград университетінде оқып, тіл мен әдебиет факультетін бітіреді. Одан кейін Ташкентте Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасында шығыс фольклоры бойынша маманданды. Ленинградта (қазіргі СанктПетербург) оқыған соңғы жылында екі тамаша повесть жазған: «Қараш Қараш» пен «Көксерек». Саяси қызметтен бас тартып, бірыңғай зерттеуге ойысқан кезде, ол әдебиетшіге де сол саясаттың шырмауынан шығу қиын екенін ұға білді. Ондаған жылдар бойы оған ұлтшылдық, байшылдық идеяларын жақтаушы деген кінә тағылып келді. Қудалау көріп, 1930-1932 жылдары қамауда болды, тұтқыннан құтылу мақсатымен ашық хат жазды. Әуезовтің тарихи тақырыпқа баруының тамыры тереңде жатыр. Тұңғыш көркем туындысы «Еңлік-Кебек», онан кейін «Хан Кене» мен «Қилы заман», «Айман-Шолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды» драмалары да осыны аңғартады. Бұлардың кейбіреуі ел арасында кең тараған, бұрыннан белгілі сюжетке құрылса, «Хан Кене», «Қилы заман» тарихта болған нақты оқиғаларды арқау еткен. Әуезов 20-жылдардың өзінде проза мен драматургияда келелі туындылар беріп, қазақ әдебиетінің классигіне айналды. Отызыншы жылдары бір топ әңгіме («Қасеннің құбылыстары», «Іздер», «Шатқалаң», «Құм мен Асқар», «Бүркітші»), пьесалар («Айман-Шолпан», «Тас түлек», «Шекарада», «Түнгі сарын») жазады. 30-жылдарда Абай мұрасына әрқилы баға беріліп, онан кейін де қым-қиғаш пікірлер айтылып жүргенде, Абайды тереңдеп, кеңінен тануды өзіне өмірлік мақсат ету ол кезде біліктілік, даналық қана емес, үлкен ерлік те болғаны хақ. Кесек, кең тынысты, сан миллион оқырмандардың жүрегіне жол табатын көркем шығарма арқылы Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Әуезовтің дүние жүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді. 1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Татьянаның қырдағы әні» дейтін прозалық үзінді жарияланды. Бұл - болашақ романның бір тарауы еді. Осыдан соң, 1940 жылы, Л.Соболевпен бірлесіп «Абай» трагедиясын жазды. Мұхтар Омарханұлы 15 жыл бойы «Абай жолы» атты өзінің 4 томдық даңқты тарихи роман-эпопеясын жазды. Мұның «Абай» аталған бірінші кітабы 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы жарық көрді. Орыс тіліне аударылған. «Абай» романының екі кітабы 1949 жылы 1дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Төрт кітаппен біткен эпопея 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. «Абай жолы» 30 тілге аударылып, дүйім дүние оқырманынан өте жоғары баға алды. Көркем тәржіме жұмысына белсене атсалысып, И.Тургеневтің «Дворян ұясын» аударды, КСРО жазушыларының ІІ съезінде көркем аударма туралы арнаулы баяндама жасасты. Үлкен ғалым, педагог Әуезов қазақ әдебиеті тарихын зерттеу, әдебиет кадрларын даярлау жөнінде шексіз көп еңбек сіңірді. Абайтану ғылымының негізін салды, көп томды «Қазақ әдебиеті тарихының» қазақ фольклорына арналған томының (1960) негізгі авторы және редакторы болды. Қырғыздың «Манас» эпосы туралы монография жазды. КСРО Жазушылар одағы Президиумының, Бейбітшілікті қорғау кеңесі комитетінің, Лениндік сыйлықтар жөніндегі комиссияның мүшесі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Қазақ мемлекеттік университетінің көп жылдар бойы профессоры болған Әуезов 4-5 сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде де зор қоғамдық міндет атқарды. «Абай жолы» эпопеясынан кейін дәуір шындығын суреттейтін кең ауқымды жаңа эпопея жазуға кіріскен еді. Соның «Өскен өркен» атты 1 кітабының нұсқасын салып кетті. Ол 1962 жылы жарияланды. Әдеби еңбегі үшін жазушы 1957 жылы Ленин орденімен марапатталды. 1961 жылы 27 маусымда қайтыс болғаннан кейін, республика үкіметінің қаулысымен Қазақ КСР ҒА Әдебиет және өнер институтына, Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің есімі берілді. Жазушының әдеби-мемориалдық музейі ашылды, Алматы қаласының бір ауданы, бірқатар мектептер, көшелер қаламгер есімімен аталады. Туғанына 100 жыл толуына орай мерекесі ЮНЕСКО шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті.

89 жыл бұрын (1932) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қырғызстанның халық ақыны, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Шерхан Мұртазаұлы МҰРТАЗА дүниеге келді.

Жамбыл облысы Жуалы ауданы Мыңбұлақ мекенінде туған. 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы. Содан кейінгі уақытта «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992-1994 жылдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған. Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, ел басы, сен де тыңда» (К.Смаиловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген. Оның шығармалары КСРО халықтары мен шетел тілдеріне аударылған. Қазақ тіліне Г.Х.Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Ш.Айтматовтың «Ботагөз», «Қош бол, Гүлсары», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет» туындыларын; Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін тәржімалады. «Әзиза» пьесасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің грантын жеңіп алды. «Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Халық жазушысы. «Құрмет белгісі», «Отан (1999) ордендерімен, медальдармен марапатталған. ПЕН-клуб сыйлығының иегері (2003).

78 жыл бұрын (1943-1993) жазушы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының, Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың иегері Оралхан БӨКЕЕВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1968-1983 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінің әдеби қызметкері, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі. 1983-1993 жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, бас редакторы болған. Қаламгердің «Қамшыгер», «Үркер», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Мұзтау», «Ән салады шағылдар», «Үркер ауып барады», «Біздің жақта қыс ұзақ» әңгімелер мен повестер жинақтары, «Өз отыңды өшірме» романы, «Құлыным менің» пьесалар жинағы жарық көрген. «Құлыным менің», «Теке-тірес», «Қар қызы», «Зымырайды поездар», «Жау тылындағы бала», «Мен сізден қорқамын» пьесалары қазақ және орыс тілдерінде республикалық, облыстық, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар театрларында қойылған. Орыс тілінде «Жасынның ізі» әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрген. Бірқатар шығармалары шетел халықтары тілдеріне аударылған. Жазушының шығармалары бойынша «Кісікиік», «Сайтан көпір» көркем фильмдері түсіріліп, «Кербұғы» әңгімесінің желісі бойынша балет-спектакль қойылды. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.


71 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы сенаторлар Кеңесінің мүшесі Қайрат Қыдырбайұлы ИЩАНОВ дүниеге келді.

Атырау қаласында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: «Қызыл балық» кеңшарында балықшы (1968-1970); кеме механигі, «Қызыл балық» кеңшарының инженер-құрылысшысы (1972-1983); Гурьев облысы ҚКП Балықшы аудандық комитетінің нұсқаушысы (1983-1984); «Қызыл балық» кеңшарының бас инженері (1984-1986); Құрманғазы атындағы кеңшар басқарма төрағасы. (1986-1988); «Октябрьдің 70 жылдығы», «Қызыл балық» кеңшарының басқарма төрағасы (1988-1991); Балықшы аудандық атқару комитетінің төрағасы, Атқару Комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Балықшы аудандық әкімшілігі басшысы (1991-1994); Жамбыл атындағы кеңшар басқармасының төрағасы (1994-1999); Атырау облыстық мәслихатының хатшысы (1999-2000); Атырау облысындағы Жамбыл атындағы өндірістік кооперативтің төрағасы (2000-2001); Атырау облысы әкімінің орынбасары (2001-2005); Атырау облысы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің III шақырылым депутаты (2005-2007), Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының IV шақырылым депутаты, экономика, қаржы және бюджет комитетінің мүшесі (2007-2012); Орта Азия мемлекеттері ұйымының, Литва Сеймінің, АҚШ Конгресінің, Румыния Сенатының, Италия Сенатының, Сауд Арабиясы Королдіктері Консультативтік Кеңесінің (Шура мәжілісі) Ынтымақтастық топтарының мүшесі (2007-2008), қаржы және бюджет комитетінің төрағасы (2008-2011); Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары (2011-2016); Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, қаржы және бюджет Комитетінің мүшесі.

Қазіргі қызметінде – 2019 жылдың қыркүйегінен бастап.

«Құрмет» (2005), «Парасат» (2011) ордендерімен; үш медальмен марапатталған.

53 жыл бұрын (1968) Қазақстанның Норвегиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркін Қадырбекұлы АХИНЖАНОВ дүниеге келді.

Алматы қаласының тумасы. Алматы педагогикалық шет тілдер институтын бітірген (1992). Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Консулдық департаментінің қызметкері (1993-1995); атташе, Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің үшінші хатшысы (1995-1997); ҚР СІМ Консулдық қызметтер департаментінде, СІМ Сыртқы істер министрінің Хатшылығында, СІМ Еуропа және Америка департаментінде, Еуропалық ынтымақтастық департаментінде және Қазақстан Республикасы СІМ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының департаментінде басқарушы лауазымдарда қызмет еткен (1997-2009); Қазақстанның ЕҚЫҰ жанындағы, содан кейін Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары (2009-2012 жж.); СІМ Еуропа департаментінің директоры (2012-2014 жж.); Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің кеңесшісі және өкілі, Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары (2014-2018). Қазіргі қызметінде 2019 жылдың сәуірінен бастап.

41 жыл бұрын (1980) Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Мұқашұлы ОМАР дүниеге келді.

Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал ауылында туған. 2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, 2010 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін бітірген. 2001-2005 жылдары - Қазақстан Республикасының Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің жетекші, бас маманы. 2005-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің бас маманы. 2007-2009 жылдары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ ақпараттық және талдау бағдарламалары дирекциясы директорының орынбасары. 2009 жылы - «Арна медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» АҚ бас менеджері. 2009-2010 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі. 2010-2011 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары, бастығы. 2011-2013 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының бастығы. 2013-2016 жылдары - Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2016-2018 жылдары Алматы облысының әкімі болған. Қазіргі қызметінде 2018 жылғы тамыздан бері.


Соңғы жаңалықтар