25 жылда 1 мыңнан астам домбыра жасаған ұстаз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алдағы демалыс күні елімізде осыдан екі жыл бұрын, нақты айтқанда 2018 жылы бекітілген Ұлттық домбыра күні аталып өтеді. Осынау мереке қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі Шығыс Қазақстандағы үздік шебер, ширек ғасырдан бері домбыра жасауды жанына серік еткен Семей қаласы №37 мектебінің технология мұғалімі Елзат Дайырбаевты сұхбатқа тартқан еді. Айта кетерлігі, осы уақытқа дейінгі аралықта ол 1 мыңнан астам домбыра жасаған.

- Елзат Шарбатұлы, келе жатқан Домбыра күні құтты болсын! Ұзақ жылдардан бері домбыра жасаумен айналысып келесіз. Ұлттық аспабымызды жасауға деген қызығушылық қалай пайда болды?

- 90-шы жылдардың басында Педагогика институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген едім. Сол кезде әріптестеріміздің бірі дәл осы тақырыпта диплом қорғап, қолғабыс көрсеткенім бар. Сол уақытта домбыра жасау өнерімен алғаш рет таныстым. Педагогика институтын бітіргеннен кейін мектепке мұғалім болып жұмысқа орналастым. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, 90-шы жылдар өте қиын заман болатын. жалақы үнемі кешіктіріліп жататын. Ал отбасыңды асырау, балаларды киіндіру қажет.

Міне, осы кезде мектептен кетіп, тәжірибелік-сынақ зауытының шеберхана цехына бригадир болып жұмысқа орналастым. Әлі есімде, бастығымыз Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай қазақтың ұлттық бұйымдарын, заттарын жасауға тапсырма берген еді. Дәл сол кезде ең алдымен домбыра жасауды қолға алдық. Бұған қоса, сандық, бесік және тұрмысқа қажетті өзге де бұйымдарды жасадық.

- Ол 1995 жыл еді ғой. Сонда Абайдың 150 мерейтойына орай музыкалық аспапты көп жасадыңыздар ма?

- Мерейтой өткен Абай ауданына шамамен 15-20 домбыра жасап апарған болатынбыз. Қонақтарға көрсетіп, тіпті азын-аулақ тиын-тебен де тапқан едік. Сол уақытта ішкі дауысым «бұл - сенің өмірлік ісің» деп белгі бергендей болды. Ол уақытта тапсырыс өте көп болатын. Сол бір кезеңде қаланың барлық дерлік жоғары оқу орындарын, колледжер мен мектептерін қазақтың қара домбырасымен қамтамасыз еттім. Міне, осылайша шеберлігімді шыңдадым. Әлі есімде, бір институт бірден 30 домбыра сатып алған еді.

- Сол жылдары жалғыз жұмыс істедіңіз. Бір өзіңізге домбыра жасау қиын соқпады ма?

- 1996 жылы базарда Бесқарағай ауданынан келген домбыра шеберімен таныстым. Ол да мен сияқты ұлттық музыка аспабымызды жасаумен әуестенеді екен. Жиі сөйлесіп тұрдық. Содан кейін күш біріктіру жөнінде шешім қабылдадық. Біз жақсы дос болып кеттік және ұзақ жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Иә, сол жылдары жалғыз жұмыс істеу, оның үстіне домбыра жасауға жарамды ағаш табу қиын болатын.

- Бір домбыраны жасауға көп уақыт кете ме?

- Әрқалай болады. Дегенмен, жылдам домбыра жасаудан жарыс өтіп, оған қатысар болсам, онда бір күннің ішінде бір аспапты жасау шығуға болады. Біз аспапты қалай жасаймыз? Жалпы, мұны өндірістік жолға қойылған десем де болады. Бірінші күні бірден 10 домбыраның ағашын дайындап аламыз. Келесі күні өлшемдерімен кесіп, үшінші күні кептіріп қоямыз. Ал бесінші күні барлық 10 аспапты жасап шығамыз. Алтыншы күні қырнап өңдеп, безендіреміз. Демек, 1 аптаның ішінде бірден 10 домбыраны жасап шығара аламыз. Егер 1 домбырадан жасайтын болсақ, онда оған 2 апта, тіпті айлар кетіп қалуы мүмкін.

- Ширек ғасырдың ішінде мыңнан астам домбыра жасағаныңызды айтып қалған едіңіз. Ал жалпы аспаптарыңызды музыканттар, ақындар қалай бағалап жатыр?

- Домбырамыз барлығына ұнайды. Жұмысымызды мақтап, жақсы баға береді. Тіпті ақындарымыздың біріне аспабымыздың ұнағаны соншалық, ол қуанғанынан маған арнап өлең де шығарды. Сұраныс бар. Бұған қоса, өзге де қалалардан қоңырау шалып, домбыра жасап беруімізді өтінетіндер де баршылық. Өйткені, біз аспаптарымызды сүйіспеншілікпен, жан-тәнімізбен беріліп жасаймыз.

- Өзіңіз домбыра шертесіз бе? Жалпы осынау ұлттық аспабымыздың сіз үшін қандай маңызы бар?

- Әрине, шертемін. Бірақ, бірден айтайын, бұл іске бизнес ретінде ғана қарауға болмайды. Бастапқыда төл мәдениетімізге өз үлесімді қосу, соңымнан қандай да бір із қалдыру ойымда болған еді. Қолыма бір тиген домбырадан енді ажырамақ емеспін.

- Елзат Шарбатұлы, мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар