+7 (701) 759 90 19
USD 389.81 EUR 430.27
RUB 6.06 CNY 54.91
Jańalyqtar

23 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 23 қыркүйек 07:00
Бөлісіңіз:
23 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2019 жылғы 23 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1993 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары Орталық Азияда Экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойды.

1994 жылы Ақмола университетіне Сәкен Сейфуллин есімі берілді.

1998 жылы Алматыда танымал композитор Әсет Бейсеуовке ескерткіш орнатылды.

2003 жылы Астанада І Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер съезі басталды. Оның жұмысына ислам, христиандық, иудаизм, синтоизм, индуизм және буддизмнің мейлінше беделді өкілдері қатысты.

Съездің қатысушылары құрамының көрнекілігі мен жоғары деңгейі конфессияаралық форум өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасының жүзеге асуының даусыз табысына айналды. Діндер диалогы І Съездің тұжырымдамалық идеясы және дау-дамайды шешу тәсілі ретінде дінаралық және ұлтаралық қарым-қатынастардағы күш көрсету мен террор әдістеріне қарсы қойылды. Съезге қатысушылар арасында бүгінгі әлемдегі діннің рөлі және кез келген діннің негізгі моральдық құндылықтарының жалпыадамзаттық сипаты жөнінде ашық пікірлесу өтті.

Бірегей және есте қаларлық оқиғаға айналған форум бүкіл әлемдегі адамзат баласының бейбіт және лайықты өмірі үшін түрлі діндер өкілдерінің ынтымақтастығы мен бірлігінің өзектілігін және аса қажеттігін көрсетіп берді. Съездің идеясын К.Аннан, Дж.Буш, М.Тэтчер, Цзянь Цземинь, Н.Манделла, Ж.д'Эстен және әлемнің өзге де аса ықпалды саясаткерлері қолдады.

Форум қорытындысы бойынша рухани көшбасшылар болашақтағы үйлесімді әлемнің негіздері ретінде адамзат үшін бейбітшілік пен өрлеуді қамтамасыз ету және барлық қоғамда тұрақтылықты сақтау бағытындағы бірлескен іс-әрекеттері туралы мәлімдеген декларация қабылдады. Ауқымды шараның табысы І Съездің дінаралық форумды әр үш жылда бір реттен кем емес тұрақты негізде өткізіп тұру туралы шешімінде бекітілді.

2005 жылы Ақтөбеде Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешені ашылды. Қоладан құйылған Әлияның бейнесі гранит тұғырға орнатылған. Ескерткіштің екі жағындағы гранит бедерлерге сақ дәуірінен бастап қазіргі кезеңге дейінгі қазақ тарихы бейнеленген. Мемориал авторлары - белгілі мүсіншілер Бақытжан Әбішев пен Ескен Сергебаев.

2009 жылы Шығыс Қазақстанның Жарма ауданындағы Қалбатау ауылында Ер Жәнібек батырдың мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды. Кешен қолындағы найзасымен бейнеленген батырдың алты метрлік қола ескерткішінен тұрады. Оның екі жағында екі қасқыр тұрса, ал арқа жағында биіктігі 45 метрлік стелла бар. Ескерткіштен 30 метрдей жерде Ер Жәнібектің кесенесі орнатылған.

Ер Жәнібек, Жәнібек Бердәулетұлы (1714-1792) - жоңғар шапқыншылығы кезінде ерекше көзге түскен батыр, шешен. Ол үш жүздің хандары Әбілмәмбет және Абылай (Әбілмансұр) кезінде жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда қазақ қолының сардарлары Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Уақ Өтеген және Орақбай, Малайсары қатарлы батырлармен тізе қоса отырып, «Құба Қалмақ» аталған жоңғар шапқыншыларына қарсы соғыстарда күрескен қолбасы, әйгілі шешен, әділ би әрі сол кездегі тұтас Абақ Керейдің ел иесі болған.

2010 жылы Жезқазған аумағында бірқатар мектептерге Қазақстанның танымал қайраткерлерінің есімдері берілді. Жезқазған әкімдігінің шешімін XVI сессия кезінде қалалық мәслихат депутаттары мақұлдады. Жезқазғанның №1 орта мектебі енді Ахмет Байтұрсыновтың, № 4 мектеп - Бауыржан Момышұлының, № 9 мектеп - Мағжан Жұмабаевтың, № 10 мектеп - Міржақып Дулатовтың, № 13 - Дінмұхамед Қонаевтың, № 21 - Мұстафа Шоқайдың, ал № 26 гимназия - Шоқан Уәлихановтың есімін алды. Кеңгір ауылының № 2 орта мектебіне Мұхтар Әуезовтің, ал Талап ауылындағы № 6 мектепке - Қайрат Рысқұлбековтің есімі берілді.

2010 жылы Қазақстан аумағында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған пошта маркасы айналымға шығарылды.

2012 жылы Майнинген қаласының (Германия) мемлекеттік театрында «Абай» операсының неміс тіліндегі премьерасы өтті.

2014 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің «Алманың отаны» және «Халықаралық ғарыш стансасы» монеталары халықаралық сегізінші «Монета шоқжұлдыздары-2014» (COINS-2014) монета байқауының жеңімпаздары атанды.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT