22 жастағы тергеуші қыз: Ең алғашқы кезекшілігімде анам мүлде ұйықтамады

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласындағы Әуезов полиция бөлімінің тергеушісі, аға лейтенант Сәуле Рымбекқызы құқық қорғау саласын таңдағанына еш өкінген емес. Бала күнінен форма киген әкесін көріп өскен бұрымдының ес білгелі мақсаты – тәртіп сақшысы атану еді. Бүгінде сол мұратына жеткен полицей үнемі қырағылық танытып, қылмыстық істерді жедел ашуда. ҚазАқпарат тілшісі болашағынан зор үміт күттіретін жас тергеушімен сұхбаттасып қайтқан болатын.

- Әңгімеміздің әлқиссасын осы салаға қалай келгеніңізден бастасақ.

- 1997 жылы 2 желтоқсан күні Семей қаласында дүние есігін аштым. Отбасында жалғыз баламын. №32 орта мектепте білім нәрімен сусындадым. Әкем ұзақ жылдар құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Бала күнімнен форма киген әкемді көріп өстім. Оның аралас-құралас болып жүрген достары түгел дерлік тәртіп сақшылары еді. Тіпті, әкемнің теледидардан көретін телехикаялары да полицейлер туралы-тұғын. Сөйтіп, менің «өскенде кім боласың?» деп сұрағандарға жауабым әрқашанда біреу болды. Басқа салаға барамын деп еш ойлаған емеспін. Десе де әкем «полиция қызметкері емес дәрігер болсаңшы. Ауырған жандарды емдейсің» деп райымнан қайтарғысы келді. Алайда, бұған көнбедім. Осылайша, 2014 жылы Барымбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түстім. 2018 жылы оны үздік бітіріп, Семей қаласындағы Әуезов бөліміне тергеуші болып жұмысқа орналастым. Басында оңай болған жоқ. Жүгі ауыр, жауапкершілігі зор саланың қиыны да қызығы да мол. Бірден қылмыстық істерді тергеуге кірісіп кеттік. Ең бірінші сотқа тапсырған ісім – көпқабатты тұрғын үйдегі ұрлық фактісі. Оқиға орнынан ұрының саусақ іздерін алып, дактилоскопиялық сараптама жасадық. Сөйтіп оның кім екенін анықтап, тергеу амалдарын жүргіздім. Жеделдетілген түрде, яғни 4 күннен кейін істі жаптым.


- Қызмет барысында тағы қандай қылмыстық істерді тергедіңіз?

- Ай сайын 4-5 қылмыстық істі сотқа жіберемін. Көбінесе ұрлық жасағандарды анықтаймыз. Бірақ бірде екі баппен, нақты айтсақ, ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігімен (көлікті айдап кету) және 188-бабы 1-бөлігімен (ұрлық) қылмыстық іс қозғадым. Сол істің егжей-тегжейін баяндап берейін: бұрын сотты болған ер адам шаруа қожалығына жұмысқа тұрады. Бірақ бір күн өткеннен кейін қожалық иесіне тиесілі «Land Cruiser Prado 150» маркалы көліктің руліне рұқсатсыз отырып, айдап кеткен. Жолда екі рет аударылады. Кейін машинаны Аягөз ауданында қалдырып, көлік ішіндегі әмиянды алып кетеді. Жәбірленуші арыз жазғаннан соң, көп ұзамай күдіктіні қолға түсірдік. Тергеу барысында ер адам өз кінәсін мойындады. Осылайша, іс сотқа жеткізілді.


- Өз сөзіңізде жұмысқа тұрғанда басында оңай болмағанын айтып қалдыңыз. Сонда нақты қандай қиыншылықтармен кездестіңіз?

- Әуелде маған қылмыстық істерді бергенде сәл-пәл қорқыныш болды. «Қалай болады екен?» деп уайымдасам да сыртқа білдірмеуге тырыстым. Полицияға сан түрлі мәселелерімен келетін жандармен сөйлескенде барынша дұрыс жол нұсқауға ұмтылдық. Міне осы кезде оқу барысында санаға түйгенім, заңды бүге-шүгесіне дейін білетінім көп септігін тигізді. Одан кейін түнгі кезекшілікке түсеміз. Ең алғашқы ауысымға шыққанымда анам түні бойы ұйықтамай шықты. Сәт сайын хабарласып, «қызым бәрі жақсы ма?» деп сұрап отырды. Уақыт өте келе үйрене бастады. Кейде қылмыс орнына барған кезде адам мәйіттерін көреміз. Қыз бала болғаннан кейін әрине, оңай тимеді. Алайда, менің өмірлік ұстанымым – «алға мақсат қойдың екен, міндетті түрде соған жету». Тергеушіге жедел шешім қабылдай білу шарт. Күдіктілермен, куәгерлермен, жәбірленушілермен сөйлескенде психолог болып кетеміз. Шындықты білу үшін адамның ішкі сырына үңілу керек.


- Әкеңіз сізге қандай ақыл-кеңестерін айтады?

- Тәжірибесі мол әкем маған жол сілтеп, көрген-білгенін айтып отырады. Бірақ та ол Кеңес дәуірінде жұмыс істеген. Ал қазіргі жүйе мүлде басқа. Бұрындары құқық қорғаушылар компьютер емес, жазба машинасын пайдаланған. Сол заманда Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімі сияқты база да болмады. Одан кейін әкеме жұмыста болып жатқан оқиғаларды айта бермеймін. Себебі ертең сары уайымға салынады.

- Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

- Біздің бос уақытымыз аз ғой (күлді). Бірақ қолымыз қалт еткенде таза ауада серуендегенді, спортпен шұғылданғанды, киноға барғанды ұнатамын. Волейбол ойнап, суда жүземін. Үй-жұмыстарымен айналысып, құрбыларыммен кездесемін. Одан кейін торт пісіргенді жақсы көремін.

- Кейде осы салаға бет бұрғаныңызға өкінбейсіз бе?

- Еш уақытта өкініп көрген емеспін. Керісінше, қылмыс жасаған адам анықталып, істі жапқан кезде аға-әпкелер келіп баталарын беріп, риясыз ризашылықтарын білдіріп жатқанда осы саланы таңдағаныма қуанамын. Әрине, кез келген мамандықтың өз ауыртпалықтары болады. Полицей жұмысының жүгін арқалай алмай шығып қалып жатқандар да бар. Бірақ әркез шыдамдылық танытып, еңбектің жалауын жықпаған жөн. Қандай қиындықтар кездессе де алған бағыттан таймай, қойған мақсатқа жету керек деп есептеймін.

- Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар