2060 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының 80 пайызы балама көздерден алады - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2060 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясының 80 пайызы балама энергетикадан алынады. Бұл туралы ҚР ЭГТРМ Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаментінің бас сарапшысы Аида Әлиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың желтоқсанда Президент көміртегі бейтараптылығына қол жеткізетіндігімізді мәлімдеген болатын. Соған орай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу үшін докторина әзірлеу жұмысын жүргіздік. Бүгінде климаттың өзгеруімен күрес мәселесі қоршаған ортаны қорғау аясынан шығып, экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналған алаңдарда талқыланып жатыр», - деді Аида Әлиева.

Оның атап өтуінше, бүгінде әлемнің 110-нан астам елі көміртегі бейтараптылығына қол жеткізетіндігін мәлімдеп отыр. Ал бұл жер шарындағы барлық дамыған елдерді қамтиды. Айта кетерлігі, қазірдің өзінде шамамен 5 ел бұл көрсеткішке қол жеткізген.

«Қазақстан жасыл дамуға, жалпы экономиканы көміртексіздендіруге бағыт алды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін 2 млрд ағаш егілетін болады. Көміртектерді ұстап қалу, сақтау технологияларын енгізу де жоспарланған. Бұл жаңартылатын энергетиканы кеңінен қолдануға да қатысты. 2060 жылға қарай өндірілетін электр энергиясының 80 пайыздан астамын таза, балама энергетикадан алуды жоспарлап отырмыз», - деді сарапшы.


Соңғы жаңалықтар