2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12 текше шақырымды құрауы мүмкін -Мырзағалиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12 текше шақырымды құрауы мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмасына және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмасына сәйкес, су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленді. Елді сумен қамтамасыз ету проблемасы бәрімізге мәлім. Халықаралық сарапшылардың қорытындысы бойынша Қазақстандағы су тұтыну көлемі 2040 жылға қарай 56 пайызға өседі және жыл сайынғы су тапшылығы 12 шекше шақырымды құрауы мүмін», - деді ол.

Министрдің дерегінше, су тапшылығы негізінен көрші мемлекеттерден келетін су көлемінің азаюына байланысты орын алады.

«Осыған орай, министрлік сіздердің назарларыңызға Қазақстанның су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасының тұжырымдамасын ұсынып отыр. Елдің жыл сайынғы жерүсті су қоры 100 текше шақырымнан аса көлемді құрайды. Оның 46 текше шақырымы немесе 46 пайызы Қазақстаннан тыс жерлерде қалыптасады. Сонымен қатар жерасты су әлеуеті жылына 15 текше шақырымды құрап отыр», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Оның атап өтуінше, жалпы 100 текше шақырымның 50 текше шақырымы экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін қажет. 24 текше шақырымға жуығы экономикада қолданылады. Оның ішінде, 16 текше шақырымы ауыл шаруашылығында, 7 текше шақырымы өнеркәсіпте және 1 текше шақырымы шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланылады.

«Дүниежүзілік ресурстар институтының бағалауы бойынша Орталық Азия елдері су тапшылығы жоғарғы елдер қатарына жатады. Ал, Қазақстан болса, орташа-жоғары қатарға кіреді»,- деді министр.


Соңғы жаңалықтар