2030 жылға қарай сырттан келетін су көлемі азаяды – Серікқали Брекешев

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2030 жылға қарай Қазақстанда 23,2 текше шақырым су тапшы болады. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Мәжілісте өтіп жатқан парламенттік тыңдауда осындай мәлімет айтты,деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Былтырғы бақылау қорытындысы бойынша 32 су объектісінде су сапасы нашар, ал 28 су объектісі өте нашар класқа жатқызылды. Су сапасы төмендеп, техногендік ластанған Балқаш-Алакөл, Арал-Сырдария, Ертіс және Тобыл-Торғай бассейні – бірінші кезектегі проблема. Су сапасы одан әрі төмендеуі және су ресурсына жүктеме көбеюі экожүйенің тепе-теңдігінің бұзылуына әкелуі мүмкін», - деді министр.

Оның айтуына қарағанда, келешекте халық саны мен мал басының өсуі, өндіріс ошағының көбеюі су тұтыну көлемі 29,7 текше километрге дейін ұлғайтуы мүмкін.

«2030 жылға қарай ішкі өзен ағыны 102,3-тен 99,4 текше километрге дейін қысқарады. Оның ішінде шектес елдерден келетін ағын 47,8-ден 46,5 текше километрге дейін қысқаруы мүмкін. Осыған байланысты су тапшылығы 23,2 текше километрді құрайды. Бұл халықтың және экономиканың жыл сайынғы су пайдалану көлемімен бірдей. Егер су пайдалану тиімділігі өспесе, онда 2040 жылға қарай елімізді сумен қамтамасыз ету жағдайы нашарлауы мүмкін», - деді Серікқали Брекешев.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың мәліметі бойынша, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тұтыну 46 пайызға артады.


Соңғы жаңалықтар