2025 жылға қарай мүгедектер оңалту құралдарымен 100% қамтылады – Үкімет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау жөнінде тапсырмалар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұңғыш Президент қорының бастамасымен салынып жатқан 8 балаларды оңалту орталығын биылғы жыл соңына дейін ашу жоспарланған. 3 орталықты мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл мүгедектерді медициналық оңалтумен қамту үлесін биыл 60% дейін, келесі жылы 75% дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қолдау бойынша шаралар кешенін іске асыруды жалғастыруымыз керек», - деді Премьер-Министр.

А. Мамин Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне келесі жылы мұқтаж адамдарды техникалық оңалту құралдарымен қамтуды 80 пайызға және 2025 жылы 100 пайызға дейін ұлғайтуды тапсырды.

«Екінші, 2021 жылдан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы толық іске қосылатын болады. Осы ретте, әкімдіктер мүгедектігі бар адамдарды Портал арқылы оңалту құралдарын алу дағдыларына белсенді түрде оқытуы қажет.

Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, Жұмыспен қамту орталықтары мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мүгедектігі бар адамдар үшін өзіне-өзі қызмет көрсету алаңдарын көбейтсін. Үшінші, Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, мүгедектіктің алдын алу үшін сырқаттарға диагностиканы ерте жүргізуге көңіл бөліп, мүгедектігі бар адамдарға оңалту көмегін күшейтсін, салынып жатқан барлық оңалту орталықтарын уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз етсін», - дейді А. Мамин.

Төртіншіден, Білім министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, келесі жылы балаларды инклюзивті білім берумен қамтуды 50 пайызға дейін кеңейтуі керек. Білім беру бағдарламаларының мазмұнын және педагогтарды даярлауды инклюзивті білім берудің енгізілуін ескеріп жаңарту қажет.

Түзеу кабинеттері желісі мен психологиялық-медициналық және педагогикалық комиссиялардың қызметін кеңейту шаралары қабылдануы қажет.

«Бесінші, Индустрия министрлігі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта жасау жұмысын жалғастырсын және объектілердің әсіресе, көлікте қолжетімділігін бақылауды күшейтсін. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсету талаптарына сәйкес вокзалдарды жаңартуды аяқтау қажет. Қоғамдық автобус парктерін белгіленген талаптарға сәйкес келтіру бойынша түбегейлі шаралар қабылдау қажет, бұл әсіресе жұмыс қарқыны баяу өңірлерге қатысты. Жыл аяғына дейін мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз ортаны 100 пайыз қамтамасыз ету бойынша Жол картасын әзірлесін», - деп тапсырма берді Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар