2025 жылға қарай 5 мың ауыл мектебіне жаңғырту жүргізу жоспарлануда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға қарай 5 мың ауыл мектебіне жаңғырту жүргізу жоспарлануда. Бұл турал бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта елімізде бір жарым миллион оқушысы бар 5 268 ауылдық мектеп жұмыс істейді. Ауылдық мектептерде 182 мың мұғалім сабақ береді. Ал, шағын жинақты мектептер саны – 2 757, бұл барлық мектептердің жалпы санының 37 пайызы. Ауыл мектептерін дамыту, олардың білім сапасын арттыру – ең маңызды бағыттардың бірі», - деді ол.

Министрдің айтуынша, PISA Халықаралық зерттеулердің нәтижелері бір жағынан қала және ауыл мектептерінің арасындағы айтарлықтай алшақтықты, ал екінші жағынан өңірлер арасындағы алшақтықты көрсетіп отыр.

Мысалы, Қарағанды әлде Қостанай облыстарындағы ауыл мен қала мектептерінің арасындағы сапа бойынша айырмашылық үлкен болғанмен, бірақ осы облыстың сапа бойынша қала мектептерінен әлдеқайда төмен болған ауыл мектептерінің көрсеткіші басқа сегіз облыстардың қала көрсеткіштерінен жоғары. Ал, өз кезегінде сапа бойынша айырмашылығы ең аз Ақтөбе облысында қаланың да, ауылдың да мектептеріндегі білім беру сапасы бірдей жоғары емес екенін көруге болады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Оның атап өтуінше, жалпы бұл талдау білім сапасының тиісті жағдайдың жасалуына тікелей байланысты екенін көрсетеді.

«Сондықтан ауыл мектептерін дамыту үшін кешенді іс шаралар қабылдануда. Біріншіден, білім беру сапасын жақсарту үшін 2025 жылға қарай 5 000 ауылдық мектепке жаңғырту жүргізу жоспарлануда. Бұл дегеніміз – жөндеу жұмыстары, пән кабинеттерімен, арнайы жиһаздармен, компьютерлермен жабдықтау, асханалар мен кітапханаларды жаңарту тетіктері бойынша іске асырылатын болады. Әр облыс пен әр мектеп бойынша нақты жоспар бекітілді. Оның ішінде, 2021 жылы 1 015 мектеп жаңғыртылады. 2025 жылға қарай ауылда 315 жаңа мектеп, соның ішінде 2021 жылы 83 мектеп салу жоспарланып отыр», - деді Асхат Аймағамбетов.


Соңғы жаңалықтар