2022 жылы әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтердің 93 пайызы электронды болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылы әлеуметтік-еңбек саласындағы қызметтердің 93 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік-еңбек саласында 44 қызмет түрін көрсету көзделген. Оның 38-і электронды түрде көрсетіледі. Ал оның ішінде 18-і проактивті, яғни, азаматтың қатысуынсыз автоматты түрде тағайындалатын төлем не қызмет саналады. Осы жылы барлығы 9,5 млн қызмет көрсетілді. Жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматқа көшіріледі және 2022 жылы 93 пайызға жеткізу жоспарланып отыр». - деді ол.

Біржан Нұрымбетов Мемлекет басшысы зейнетақы мен жәрдемақыларды тағайындау процестерін толық цифрландыру туралы тапсырма бергенін атап өтті.

«Бұл жұмыстың негізгі бағыты - мүмкіндігінше барлық қызметтерді проактивті форматқа көшіру. Яғни, қызмет көрсету бастамашысы азамат емес мемлекет болады. Барлық қажетті мәліметтер ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылы жолымен қалыптасады. Азамат тек қызметтерді алуға келісімін беру ғана қажет болады. Проактивті қызмет түрі қызметті беруші мен алушының байланысын болдырмайды. Қызмет көрсету уақытын барынша қысқартады және қағаз құжаттар жинау қажеттілігін жояды», - деді министр.

Мысалы, оның атап өтуінше, бұған дейін көпбалалы отбасына жәрдемақы тағайындау үшін өтініш беруші қағаз түріндегі құжаттармен мемлекеттік корпорацияға жүгінетін. Ол үшін алдын ала сол құжаттарды жинау мақсатында бірнеше ұйымға барып уақытын кетіретін.

«Ал бүгін осы процесті автоматтандырудың нәтижесінде біздің министрліктің жүйесіне басқа ақпараттық жүйелерден қажетті жеке тұлға және балалардың дүниеге келуі, саны туралы мәліметтер проактивті түрде түсіп тұрады. Сол мәліметтердің негізінде автоматты түрде жәрдемақы тағайындап, көпбалалы отбасыға ол туралы смс хабарлама ғана жібереміз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар