2021 жылы қандай заңдар қабылданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл елімізде қазақстандықтардың өміріне бірқатар өзгеріс әкелген заңдарға қол қойылды. Атап айтсақ, бюджет, зейнетақы қоры, жер мәселесі, рақымшылық, сондай-ақ, сайлау туралы заңдарға өзгерістер енгізілді. Мәселен, зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану мүмкіндігі туып, қашықтан жұмыс істеу заңдастырылды. Сонымен қатар, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасына да ел Президенті қол қойып, 2 мыңнан астам сотталушыға, 11 мыңнан астам пробацияда тұрған азаматқа жеңілдік жасалды. Ал, мың адам бостандыққа шығады. Өткен жылғы заңнамадағы өзгерістер туралы ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыздар.

Республикалық бюджет туралы заң

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Құжатқа сәйкес ең төменгі еңбекақы мен бір айлық есептік көрсеткіштің мөлшері бекітілді. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбекақы мөлшері 60 000 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақының төменгі мөлшері 19 450 теңге болады. Ең төменгі зейнетақы мөлшері 46 302 теңге, бір айлық есептік көрсеткіш 3 063 теңге болып бекітілді. Сонымен қатар, ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы 36 018 теңге болады.

Зейнетақы жинағынын бір бөлігін алуға қатысты заң

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Аталған Заңға сәйкес, Қазақстан азаматтары Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорындағы жинақтарының бір бөлігін пайдалана алатын мүмкіндік пайда болды. Заң жобасы бойынша 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін аталған мақсаттарда пайдалану құқығы берілді. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нақты қажеттіліктерге пайдалану құқығын келесі азаматтар пайдалана алады:

- жұмыс істейтін, тиісті жаста зейнетақы жинақтары «жеткіліктілік шегінен» асатын азаматтар;

- сақтандыру компанияларымен БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын рәсімдеген адамдар;

- зейнеткерлікке шыққан азаматтар - БЖЗҚ-да қалған зейнетақы қаражатының 50%-ынан аспайтын шекте ала алады.

Қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі берілді

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Заңның қабылдануымен қашықтықтан жұмыс істеу енді Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде заңнамалық түрде белгіленген.

Кодекске «қашықтан жұмыс» және «аралас қашықтықтан жұмыс» сияқты ұғымдар енгізілді, сондай-ақ осындай жұмыс форматтарымен байланысты заңнамалық олқылықтар толтырылды. Негізгі мақсат - қашықтан жұмыс істейтіндердің еңбегіне ақы төлеуде кемсітушілікке жол бермеу. Заң жобасын қабылдау тұтастай алғанда қызметкерлердің құқықтарын қорғауға, жанжалдарды және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудегі басқа да мәселелерді уақтылы шешуге ықпал етуге мүмкіндік береді.

Рақымшылық жасау туралы заң

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Құжаттың мақсаты – аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату және кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімін қысқарту. Сондай-ақ, Заң жобасын талқылауға мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері және сарапшылар атсалысқан, ғылыми-құқықтық сараптама жасалған.

Аталмыш заң талқыға түскен сенат отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев рақымшылықтың кімдерге жасалатынын атап өткен болатын.

«Рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады», - деді министрі.

Сондай-ақ, Ерлан Тұрғымбаев рақымшылыққа қанша адамның ілінетінін айтты. Оның мәліметінше, жоба бойынша 2236 сотталушыға, 11 753 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде, 1000 адам қамаудан бостандыққа шығады.

Айта кетейік, ауыр және аса ауыр, сондай-ақ террористік және экстремистік қылмыс жасағандарға рақымшылықтың қатысы жоқ.

Жүргізуші куәлігін алып жүру міндетті емес

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заңға сәйкес, көлік жүргізушілеріне жүргізуші куәлігі мен техпаспортты ұмытып кеткені үшін айыппұл салынбайды. Полиция қызметкерлері азаматтардың жеке куәліктері арқылы электронды деректер базасынан құжаттарының бар-жоғын тексеретін болады. Айта кетейік, алайда бұл өзгерістің жүргізуші куәлігі мен техпаспортты алып жүруге міндетті шетелдіктерге қатысы жоқ.

Жерді шетелдіктерге жекеменшікке және жалға беруге тыйым салатын заң қабылданды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

2016 жылғы 6 мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, сондай-ақ шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына жеке меншікке беруге мораторий енгізілді.

Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатынын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды.

Заң жобасының мақсаты - шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысуы бар Қазақстанның заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдардың, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтардың, сондай-ақ қандастардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен иеленуіне тыйым салуды енгізу. Аталған заң бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ, қандастарға жеке меншікке және жалға беруге тыйым салынады.

Осылайша ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығы тек қана Қазақстан азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларға беріледі.

Елімізде рейдерлік үшін жаза қатаңдатылды

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Қылмыстық кодекстің 249-бабының жаңа бөлігі - 1-1-бөлігі құқық қорғау және өзге де органдарды қолдана отырып күш көрсетумен байланысты рейдерлікке қылмыстық жауапкершілікті күшейтеді. Рейдерлік әрекетті ұйымдастырған және оларға көмектескен лауазымды тұлғалар да қылмыстық жауапқа тартылады. Заң бойынша кәсіпкерлерге жасалған рейдерлік үшін қылмыстық жаза қатаңдайды. Лауазымды тұлғаның осы тектес қылмыс жасағаны дәлелденсе, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Бұрын бұл мерзім 3-7 жылмен шектелген еді. Айта кетейік, заң жобасын Парламент депутаттарының тобы әзірлеген болатын.

Президент сайлау туралы заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Құжатқа сәйкес, аудандық деңгейдегі қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау енгізіледі. Яғни, оларды халық таңдайды. Сонымен қатар, саяси партиялардың Парламент пен мәслихатқа өтуіне қойылған 7 пайыздық шек 5 пайызға дейін төмендетілді. Сондай-ақ, сайлау бюллетеніне «барлығына қарсымын» деген баған енгізілді.

Су кодексіне түзету енгізілді

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Су кодексіне жергілікті өкілді, орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында ауызсумен жабдықтауды субсидиялау жөніндегі өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Заң жобасы ауыл тұрғындары үшін су тарифін төмендетуді, соның ішінде субсидия алу рәсімдерін оңтайландыру есебінен төмендетуді көздейді. Заңның мақсаты - халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін өңірлердің субсидияларды уақытылы бөлуі және алуы. Заң жобасының міндеттері - халықты ауыз сумен қамтамасыз ету рәсімін оңтайландыру, жаңадан салынған ауыз сумен жабдықтау жүйелерін жеңілдікті объектілер тізіміне енгізуді жеделдету, ауылдық жерлердегі халықты ауыз сумен жабдықтау қызметтерінің құнын төмендету.

Мобильді аударымдар үшін салық төлеу қажет

Биылғы 25 қарашада ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «мобильді төлемдер» түсінігін енгізетін құжатты қабылдап, Мемлекет басшысының қарауына жіберген болатын. 20 желтоқсан күні ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған заңға қол қойды. Құжатта «мобильді аударымдар» және «ұялы төлемдер» ұғымдары ажыратылып көрсетілген. Мәселен, соңғысы тауарлар мен қызметтер үшін ақы төлеуге пайдаланылады. Бұл кәсіпкерлер табысының салық декларациясында дұрыс көрсетілуіне мүмкіндік береді. Мобильді төлемдерге қатысты нормалар 2022 жылы 1 наурыздан бастап күшіне енеді.

Осылайша, заңға сәйкес, кәсіпкерлер мобильді аударымдар үшін салық төлейді. Ол үшін кәсіпкерлер жеке шот ашуы тиіс. Енді клиенттер алған тауарларының ақысын кәсіпкерлер ашқан шотттарға жібереді. Банктер де салық органдарына қажет ақпарат беруге міндетті болады. Атап айту керек, бұл салық түрінің жеке тұлғаларға ешқандай қатысы жоқ.

Венера Жоламанқызы


Соңғы жаңалықтар