2020 жылы интернет-дүкендердің қызметіне 700-ге жуық шағым түскен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елдегі интернет-дүкендердің қызмет сапасы туралы депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Былтыр елдегі интернет-дүкендер тұрғындарға 13,2 млн теңге қайтарып берген. Олардың бұлай етуіне Тұтынушылар комитетіне келіп түскен шағымдар түрткі болған. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов депутаттық сауалға берген жауабында осындай мәліметтер келтірген.

«2020 жылы Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне онлайн-дүкендердің қызметі туралы 689 шағым келіп түсті. Қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша азаматтарға 13,2 млн. теңге қайтарылды. 2021 жылдың басынан 104 шағым келіп түсті, қайтару сомасы – 192 мың теңге», - дейді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің мәліметі бойынша, электрондық сауда саласындағы шағымдардың көбі мемлекеттік кірістер органдарында тіркелуден жалтаратын ұйымдарға қатысты болған. Әлеуметтік желілерде ғана тіркелген интернет-дүкендер, olx, satu, market сияқты сауда алаңдарынан алған тауарды айырбастау немесе қайтару мүмкін болмағанын айтып шағымданушылар көп болған. Жеткізілген тауардың сапасы жарнамасындағыдай болмай шығатын жайттар да тіркелген. Өйткені көп жағдайда тұтынушылардың тауар сапасын құнын төлемей тұрып тексеруге мүмкіндігі жоқ. Сондай-ақ, тауардың тиісті жапсырмалар мен заттаңбаларсыз, тауарды сатып алу фактісін растайтын құжатсыз жіберілуі, сатушы тараптың мекен-жайы мен байланыс нөмірлерін көрсетпеуі, тауар сапасын растайтын құжаттарды талап ету мүмкіндігінің болмауы, жеткізу мерзімінің бұзылуы, таңдау аясының тарлығы, тауарлардың белгілі бір спектрін ғана таңу, алаяқтық, 100% алдын ала төлемді талап ете отырып, төлем жасағаннан кейін хабарсыз кету сияқты келеңсіз оқиғалар тіркеліпті.

«Сатушылар 100% алдын-ала төлемді талап ете отырып, тұтынушыларға кері байланыссыз және сатушы туралы сенімді ақпаратсыз сапасыз тауарларды жіберген жайттар да азаматтардың шаымдануына түрткі болған», - деді министр өз жауабында.


Соңғы жаңалықтар