2020 жылы 3 млрд кВт/сағат «жасыл» энергия өндіріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен 3 млрд кВт/сағат электр энергиясы алынады. Бұл туралы бүгін Энергетика министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы Нұрлан Ноғаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, елімізде жаңартылатын энергетика нарығы жыл сайын қарқынды өсуде. Мәселен, 2019 жылы 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 77,8 пайыз өсіммен 2,4 млрд кВт/сағат «жасыл» энергия өндірілді. Электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 2,3 пайызға жетіп отыр.

«2019 жылы жаңартылатын энергия көздерінің 21 нысаны пайдалануға берілді. ЖЭК жобалары бойынша тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 613 млн АҚШ долларын құрайды. Жалпы қуаты 1050,1 МВт-ты құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 90 нысаны іске қосылды. 2020 жылы жалпы қуаты 605,5 МВт-ты құрайтын 18 ЖЭК нысанын енгізу жоспарлануда. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК өндіру жоспары шамамен 3 млрд кВт-сағатты құрайтын болады», - деді ол.

Нұрлан Ноғаевтың дерегінше, 2019 жылы жиынтық қуаты 255 МВт құрайтын ЖЭК жобаларына арналған халықаралық аукциондық сауда-саттықтар электрондық форматта өткізілді. Сауда-саттық нәтижесі бойынша 12 компания жиынтық қуаты 202 МВт-қа ЖЭК-ті қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығымен 15 жылға келісімшарт жасасты.

2020 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау күтілуде. Ұсынылған заң жобасының тұжырымдамалық жаңашылдығы – маневрлік қуаттар құрылысын ынталандыру, ЖЭК-ті қолдауға бағытталған толассыз тарифті енгізу, ЖЭК-ті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау.


Соңғы жаңалықтар