2020 жылға дейін 50 млн гектар орман жойылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Гринпис баяндамасына сенсек, тұтынушылық брендтер соңғы онжылдықта Ұлыбритания көлемінен екі есе үлкен орманның жойылуына әсер еткен. Сонымен қатар баяндамада 2020 жылға дейін осындай брендтер кесірінен 50 млн га орман жойылатыны жазылған, деп хабарлайды The Guardian басылымы.

«2010 жылы тұтынушылық тауарлар форумының мүшелері 2020 жылға дейін орман кесуді азайтуға міндеттелген болатын. Мамандардың айтуынша, орманның жойылуына пальма майы, қағаз, целлюлоза мен соя өндірісінің кері әсері мол», деп жазады автор.

Оның айтуынша, Greenpeace International жүргізген зерттеуде 2020 жылдың басына қарай ауылшаруашылық өнімдерге деген сұраныстың артуы мен тұтыну көрсеткішінің өсуінен 50 млн гектар орман жойылуы мүмкін.

«Баяндамада 2010 жылдан бері Бразилияда соя өсіру 45%, Индонезияда пальма майы өндірісі 75%ға өскені айтылған. Экологиялық топ негізгі брендтер өз міндеттерін дұрыс атқармай жатқанын айтып, климат пен экологияның өзгеруінің алдын алу үшін белгіленген әрекеттерді орындамағаны үшін сынға алды», деп жазады автор. Оның жазуынша, орманның азаюы парник газдарының артып, климаттың өзгеруіне әкеледі және бегілі бір түрлердің жойылуына әсер етеді.

«Гринпис 2019 жылдың басында елуден астам трейдерге, өндірушілерге, ірі компанияларға хабарласып, тауар өндірісіне қанша орман кететінін айтуды сұрапты. Бірақ компаниялардың көбі жауап бермеген. Гринпистің ормандар бойынша жаһандық кампания басшысы Анна Джонстың айтуынша, бұл ірі компанилар экологиялық коллапсқа итермелеп жатыр», деп жазады басылым.

Баяндамада әлем бойынша ормандардың 80% ауыл шаруашылық өндірісі үшін жойылатыны айтылған.

«Былтыр қазан айында Климат сарапшыларының үкіметаралық тобы ормандарды қорғау өндіріс саласының да басты мақсатына айналуы керектігін айтты. Ал тұтынушылық тауарлар форумының қатысушылары бұл мәселеде оларды рөлі зор екенін мойындады», деп жазады автор.

Соңғы жаңалықтар