2020 жыл Түркі әлемі үшін мазмұнды болды - Түркі кеңесінің Бас хатшысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев 2020 жыл Түркі әлемі үшін мазмұнды болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі саммитте Түркі әлемінің барлық көшбасшыларын бірге көру біз үшін үлкен қуаныш. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі кеңесінің құрылуына және дамуына қосқан баға жетпес жеке үлесі үшін шын құрмет білдіреміз. Бүгінгі саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін және Қазақстанның ұйым жұмысына белсенді қатысуын әрдайым қолдап отырған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығымды білдіргім келеді», - деді Б. Әміреев Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитінде.

Оның айтуынша, барлық сын-қатерлер мен қиындықтарға қарамастан, 2020 жыл Түркі әлемі үшін мазмұнды әрі нәтижелі жыл болды.

«Саммитімізге алғаш қатысып отырған Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровты құттықтай отырып, бауырлас қырғыз мемлекетінің Түркі әлемінің ынтымақтастығы мен серіктестікті нығайтуға зор үлес қосатынына сенемін», - деп тоқталды Бас хатшы.

«Аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде Түркияның өсіп келе жатқан жетекші рөлінің куәсі болдық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Түркі кеңесіне қуатты қолдауы және халықаралық аренада Түркі әлемінің мүдделерін қорғауға әрі ілгерілетуге қосқан баға жетпес үлесін ерекше атап өткім келеді», - деді Б. Әміреев.

Сонымен қатар ол Өзбекстан Түркі кеңесі аясында барлық бағыттар бойынша, әсіресе, сауда-экономикалық салада, көлік және логистикада ынтымақтастықты дамытуға белсенді атсалыса бастағанын атап өтті.

Айта кетейік, Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммитінде «Түркістан декларациясы» қабылданды.


Соңғы жаңалықтар