20 жыл бұрын Ресейде бойжеткенді өлтірген ер адам Павлодардан ұсталды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда 20 жыл бұрын РФ Пермь қаласында бойжеткенді өлтірген 46 жастағы қылмыскер ұсталды. Ол өзінің тегіндегі бір әріпті өзгертіп, қашып жүрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Полицейлер Павлодар қаласында 46 жастағы қылмыскерді ұстады. Ол Ресей Федерациясы Пермь қаласында адам өлтірді деп айыпталған. Белгілі болғандай, 2001 жылы ер адам бойжеткенді өлтіріп, қылмыс жасағаннан кейін Павлодар қаласына келген. Қылмыскер айлакер және қу болып шықты: оның тегіндегі бір әріпті әдейі өзгертіп алғаны анықталды», - деді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов.

25 қыркүйектен 1 қазанға дейінгі аралықта Павлодар облысында полиция Қазақстаннан тыс жерлерде жасырынып жүрген қылмыскерлерді іздеудің тиімділігін арттыру бойынша «Іздеу» операциясын жүргізуде, деп атап өтті Павлодар облыстық полиция департаментінен.

«Павлодар облыстық жедел қызметкерлері ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеу салынған 5 қылмыскерді ұстады. Бұрын із-түзсіз жоғалып кеткен екі азаматтың қайда екені анықталды», - деді Е. Әбдікенов.

Тәртіп сақшылары 19 жыл бойы өз елінде жазасын өтеуден қашып жүрген 52 жастағы Қырғызстан азаматының мекенжайын анықтады.

«Қарағанды облысындағы әріптестермен бірге Жезқазған қаласында 25 жастағы павлодарлықты ұстадық. Ол Павлодарда ұрлық жасағаны үшін күдікке ілінген. Ол Жезқазғандағы уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Павлодар облысының полицейлері жыл басынан бері сот пен тергеуден қашып жүрген 74 қылмыскерді ұстады, деді ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар