2 қазан. Туған күн иелері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 2 қазан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

null

ЕСІМДЕР

95 жыл бұрын (1923-1986) жазушы, қазақ әдебиетінде шырғалаң оқиғалы детектив жанрының негізін қалаушы, ТОҚАЕВ Кемел дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1948-1984 жылдары Жамбыл облыстық газетінде қызметкер, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде жауапты хатшы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде редактор, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ведомстволарының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші қызметтерін атқарған. Соғыс тақырыбы мен қазақтың құқық қорғау органдары қызметкерлері өміріне арналған «Тасқын», «Болашақ туралы ойлар», «Көмескі із», «Түнде атылған оқ», «Таңбалы алтын», «Жұлдызды жорық» атты повестер жинақтары, «Соңғы соққы», «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс» романдары жарық көрген. Сонымен қатар «Қыс қарлығашы», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Шоқ Жұлдыз» шығармаларының авторы. Тоқаев - детектив жанрында «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» атты пьесалар жазған. Бірқатар шығармалары шетел тілдеріне аударылған.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

92 жыл бұрын (1926-1983) кинорежиссер, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері ҚАРСАҚБАЕВ Абдолла дүниеге келді.

Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Мәскеу қаласындағы мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1947-1983 жылдары «Қазақфильм» студиясында режиссер болып «Ана мен бала», «Егер біздің бәріміз де...», «Қанатты сыйлық», «Ботагөз» атты көркем фильмдерді түсіруге қатысты. Тарихи тақырыпқа «Қилы кезең», «Даладағы қуғын» секілді фильмдерді, «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Менің ағам», «Қатарыңнан қалма», «Оу, ковбойлар», «Алты жасар Алпамыс», «Балалық шақтың кермек дәмі» көркем фильмдерін, сонымен қатар «Қазақ халқының қолөнері», «Торғай шеті», «Черкасск қорғаны», «Ақтөбе», т.б. деректі фильмдер қойған.

74 жыл бұрын (1944) баскетболшы, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, қазақтан шыққан түңғыш Олимпиада чемпионы ЖАРМҰХАМЕДОВ Әлжан Мүсірбекұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Шыршық ауданы Табақсау ауылында туған. 1970-1974 және 1976-1980 жылдар аралығында КСРО-ның, 1972 жылы Мюнхендегі (Германия), 1980 жылы Мәскеудегі (КСРО) Олимпиада ойындарының, 1967, 1971 және 1979 жылдары Еуропа чемпионы.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

63 жыл бұрын (1955) кескіндемеші, Қазакстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, (1990) Қырғызстанның және Ресей (2001) көркемсурет академиясының толық мүшесі ТӨЛЕПБАЙ Ерболат дүниеге келді.

Оңтүстік  Қазақстан облысының бұрынғы Ленгер ауданындағы Қасқасу ауылында туған.  1973 жылы Қазақ ұлттық педагогика институтының көркем-графикалық факультетін бітірді. "Маңғыстау күнделігі" (1978), "Суретшінің жастық шағы" (1980), "Санагүл", "Жазғы жайлаудан оралуы (екеуі де 1981), 1941 жылдың хабары", "Түрксіб" (екеуі де 1982), "Жазушы Ш.Айтматов" (1983), "Сүгір" (1986), "Дүйсен және Мария", "Жібек жолы", "Екеуі" (1990) т.б. кескіндемелік еңбектері өткен өмір мен бүгінгі күннің рухани өзара байланысын ғажайып ұлттык дүниетаным тұрғысынан танытады. 1974 жылдан бұрынғы Кеңес одағы және халықаралық көрмелерге, соның қатарында АҚШ, Бельгия, Германия, Италия, Қытай, Үндістан, Франция т.б. елдерде үйымдастырылған көрмелерге өз картиналарымен ұдайы қатысып келеді. Кескіндемешінің туындылары Қазақстан Мемлекеттік өнер музейінде және Ресей музейлерінде, ТМД, Азия, Америка мен Еуропадағы жекеменшік коллекциялар қорында сақтаулы. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері (2004).


57 жыл
 бұрын (1961) Павлодар облыстық сотының төрағасы СМАҒҰЛОВ Мұхтар Керімқұлұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Іле ауданындағы Николаевка ауылында туған. 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, заңгер.
1981 жылдан сот жүйесінде қызмет істейді. Еңбек жолын Алматы қаласындағы Калинин аудандық сотының сот мәжілісінің хатшылығынан бастап, кейін сот орындаушысы, заң кеңесшісі болған. 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің сот органдары басқармасында заң кеңесшісі, 1993-1994 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы төрелік сотының кадр бөлімінің аға заң кеңесшісі, Алматы қалалық төрелік сотының мемлекеттік төрешісі, судьясы. 1994-1995 жылдары Алматы қалалық сотының судьясы, 1996-2002 жылдары Алматы қалалық сотының шаруашылық істер жөніндегі алқасының төрағасы болған. 2002 жылғы ақпан айынан 2007 жылғы 26 наурызға дейін Маңғыстау облыстық сотының төрағасы, 2007 жылдың наурыз айынан 2011 жылдың қарашасына дейін Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 25 қарашадағы №183 Жарлығымен Атырау облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды. Қазіргі қызметінде - 2015 жылдың ақпан айынан бастап. 
Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының «Үш би» құрмет белгісімен және «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған.

 55 жыл бұрын (1963) ҚР Қарулы күштерінің Жаяу әскері бас қолбасшысының бірінші орынбасары - бас штаб бастығы ҚОЙБАҚОВ Талғат Мамыртайұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысы, Шу ауданы,Taнa ауылында туған, генерал-майор. (2009). Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін (1985), ҚР ҚК Әскери академиясын (2002), РФ  Бас штаб Әскери академиясын (2011) бітірген. Оңтүстік әскерлер тобы 20624 әскери бөлімі барлау взводының, Түркістан ӘО 83328 әскери бөлімі тәртіп взводының, Республикалық Ұланның рота командирі, батальон командирінің орынбасары, жеке батальон, салтанат батальоны, полк командирі, әскери қызметінің бастығы (1989-2000), мотоатқыштар дивизиясы командирінің орынбасары, жеке гвардиялық десант-шабуыл бригадасының командирі, мотоатқыштар дивизиясының командирі, ҚР ҚМ ШБК жедел жоспарлау департаменті басқармасы бастығының орынбасары, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскери қолбасшысының орынбасары - Штаб бастығы, «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, бірінші орынбасары, РФ ҚК Бас штаб академиясының тыңдаушысы (2000-2001), 2001 жылдың шілдесінен ҚР ҚМ әскери дайындық және әскери кызмет департаментінің бастығы. 2012-2016 жылдары ҚР Қарулы күштерінің «Оңтүстік» аймақтық қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы. 2016-2017 жылдары - ҚР Қарулы күштерінің Жаяу әскері бас қолбасшысының орынбасары. Қазіргі қызметінде 2017 жылдан. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және медальдармен марапатталған.­

44 жыл бұрын (1974) Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары АЗБАЕВ Бағдат Оразалдыұлы дүниеге келген.

Ол Алматы облысында туған. Қазақ аграрлық университетін (орман шаруашылығы инженері) (1997), Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін (экономика және бизнес бакалавры) (2010) бітірген.

Еңбек жолын 1997-2001 жылдары Алматы облысы, Үйгентас ауданында «Автотехобслуживание» ЖШС-да механик, бас инженер қызметтерінен бастаған. 2001-2013 жылдары «Астана - көгалдандыру құрылысы» АҚ шебер, прораб, бас директордың бірінші орынбасары, кейін «Астана-Орманы» МКК директоры; 2013-2014 жылдары ҚР Қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау министрлігінің орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы болып істеген; 2014-2015 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы.

 «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен наградталған.

Қазіргі лауазымын 2016 жылдың маусымынан бері атқарып келеді.

149 жыл бұрын (1869-1948) Үндістан ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының бірі және идеологы Мохандас Карамчанд ГАНДИ (Махатма ГАНДИ) дүниеге келді.

67 жыл бұрын (1951) танымал ағылшын әншісі, композитор СТИНГ (шын аты-жөні Гордон Мэттью) дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар