2 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 2 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

null

2 қазан, СЕЙСЕНБІ

Зорлыққа қарсы халықаралық күн

БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан 2007 жылғы 27 маусымда (БҰҰ A/RES/61/271 қарары) белгіленді. 2007 жылдан бастап жыл сайын 2 қазанда күш қолданбау философиясының негізін қалаушы Махатма Гандидің туған күнінде атап өтіледі.

Осы халықаралық күннің мақсаты, Бас Ассамблеяның қарарында айтылғанындай, бейбітшілік, төзімділік, түсіністік және күш қолданбау мәдениетін бекітуге қол жеткізу. Қарар барша адамды осы күнді тойлауға шақырады.

Халықаралық әлеуметтік педагог күні

2009 жылдың мамыр айында Копенгагенде әлеуметтік педагогтардың XVII Халықаралық конференциясы болып өтті. Бұл шараға 44 елдің өкілдері қатысты. Конференция барысында барлық әлеуметтік педагогтардың халықаралық мерекесін бекіту шешімі қабылданды.

Гвинея Республикасының Мемлекеттік мейрамы - Тәуелсіздік күні (1958)

Гвинея - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Гвинея-Бисау, Сенегал және Малимен, шығысында және оңтүстік-шығысында Кот-д'Ивуармен, оңтүстігінде Либерия, Сьерра-Леонмен, батысында Атлант мұхитымен шектеседі. Астанасы - Конакри қаласы. Ресми тілі - француз тілі. Ақша бірлігі - сили. Елді президент басқарады. Заң шығарушы органы бір палаталы парламент.

Қазақстан Республикасы мен Гвинея Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 6 маусымда орнатылды.

Италияда Аталар мен әжелер күні

Италия Еуропада Аталар мен әжелер күні ұлттық деңгейде тойланатын алғашқы ел болды. 2005 жылдан бастап Италияда La Festa dei Nonni деп аталатын осы мейрам әр жылы тойланады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1980 жылы Целиноград қаласында (қазіргі Астана) тың және тыңайған жерлерді игерудің 25 жылдығына орай  Қазіргі заманғы өнер музейі ашылды. Алғашқы 500 шығармалар топтамасын Алматы қаласында өткен «Жер және адам» атты Бүкілодақтық көрме сыйға тартты. Бүгінгі таңда, музейде Қазақстан, Ресей және ТМД елдері шеберлерінің 3 000-нан астам өнер туындылары бар.

1982 жылы Нұрғиса Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестр құрылды. Оркестр ғасырлар бойы баға жетпес мәдени мұра боп келе жатқан қазақ ұлттық музыкалық аспаптарының бай қорымен танысу мүмкіндігін береді.

«Отырар сазы» оркестрінде домбыра мен қобыздан тыс жетіген, шертер, шаңқобыз, месқобыз, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, сондай-ақ асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау, қайрақ сияқты соқпалы аспаптардың дауысынан сусындауға болады.

1991 жылы ғарышқа ұшпай тұрып-ақ, Кеңес Одағының Батыры атанған жерлесіміз, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров КСРО ғарышкер-ұшқышы Александр Волков, Австрия Республикасының азаматы Франц Фибек үшеуі «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа аттанды. Сонымен қатар осы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Байқоңыр ғарыш айлағынан республиканың Ұлттық аэроғарыштық агенттігін құру туралы жария етті.

1992 жылы Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан халықтарының Достық үйі ашылды. Достық үйін Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Ә.Назарбаев ашты. Ол республикада осындай алғашқы үй болды. 

1992 жылы ТМД-да жаңа үлгідегі алғашқы жоғары оқу орны - Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институты ашылды.

1993 жылы Алматыда «Қазақстан халықтарының бірлігі» одағының І съезі өтті.

2009 жылы Қазақстан ашық дауыс беру жолымен 2 жыл мерзімге Стандарттау жөніндегі халықаралық кеңеске сайланды.

Қазақстанның кандидатурасы ИСО Кеңесіне АҚШ, Жапония, Израиль, Австрия, Польша, Оңтүстік Африка Республикасы және тағы басқа елдердің аттарынан ұсынылды. «ИСО Кеңесінің жұмысына атсалысу біздің елімізге және орталықазиялық өңірдің барлық еліне халықаралық стандарттау саласындағы стратегияларды талдауға және қалыптастыруға, жаһандық мәселелерді шешуге қатысты өз идеяларын ұсынуға мүмкіндік береді».

Ұйым 700-ден астам халықаралық ұйыммен ынтымақтастықта және әлемнің 162 елінің басын қосып отыр. Ал ИСО Кеңесіне 18 ел кіреді.

2012 жылы Петропавлда қазақтың даңқты ақыны Мағжан Жұмабаевтың трагедиялық тағдыры жайлы деректі фильмнің түсірілімі басталды.

Шығарманың сюжеттік желісі Мағжанның туған жерін шексіз сүйетін күрескер ақын ретінде қалыптастырған өмір жолына құрылған.

Түсірілім жұмыстары Петропавлдағы Мұхтар Әуезовтің музей үйінің аумағында жүргізілді. Түсірілім тобының мүшелері Мағжанның туған жері Сарытомар ауылында болды.

2013 жылы Астанада айына 2 рет екі тілде (қазақша және орысша) шығып отыратын  «Елордалық білім беру» педагогикалық газетінің таныстырылымы өтті.

2013 жылы Алматыда Қазақстан киноакадемиясының ресми түрде ашылуы өтті.

2013 жылы Астанада «D'arts» саңырау актерлардың тұңғыш кәсіби театры ашылды. Бүгінгі таңда труппа мүкіс және нашар еститін сегіз актердан құралған.

2014 жылы Атырауда Қоғамдық келісім және достық үйі ашылды. Онда облыста қызмет ететін 17 этномәдени бірлестіктің барлығы орналасқан. Оның салынуына жергілікті билік 170 млн теңге қаржы бөлді.

2015 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытында ресми салтанат барысында жаңа өнім - параксилолдың бірінші партиясы алынды.  

2016 жылы Мексика Құрама Штаттарының Депутаттар конгресінде (Мексика Парламентінің төменгі палатасы) Қазақстанның Мексикадағы Елшілігінің бастамасымен «Мексика-Қазақстан» парламенттік достық тобының ресми құрылу салтанаты болды.

2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында тұңғыш рет «Туған жер» жобасы бойынша туристік экспедиция ұйымдастырылды. Экспедицияның алғашқы бағыты танымал әнші, ақын, композитор, Ақмола өңірінің мақтанышы Біржан сал Қожағұлұлының өмірін зерттеуге арналды. Балалар Біржан сал атындағы музыка мектебіне, Біржан сал атындағы аудандық Мәдениет үйіне және Біржан салдың басына барып, ұлы ақынның өмірінен көптеген қызықты ақпарат алды. 

Соңғы жаңалықтар