19 маусым. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 19 маусымда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

138 жыл бұрын (1884-1976) қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кенен ӘЗІРБАЕВ дүниеге келген.

Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. Кенен – қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, ХХ ғасырдың 70-жылдарына дейін жеткізген өнерпаз. Әкесі Әзірбай, шешесі Ұлдар да әнші, домбырашы еді. Әр жырды әуелі ата анасынан үйренген Кенен 11 жасынан домбыраға қосылып, өз жанынан өлең, ән шығара бастады. «Бозторғай», «Көкшолақ», «Бұлбұл», «Он алтыншы жыл», «Қайран елім», «Аттан» әндерін шығарып, «Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарын жырлады. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып, айтысқа түсті, ән сайысына араласты. Мемлекет қайраткерлері О.Жандосов, Ж.Бәрібаев, Т.Бокин, тағы басқалармен таныс-біліс болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында мәдени-үгіт бригадасын құрып, ел аралап, халқымыздан шыққан батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, жеңісін жырлады. «Біз жеңеміз», «Сүйгенім-ай, күйгенім-ай», «Төрт батыр» сияқты көптеген өлең, жырлар шығарды. 50-70 жылдары бейбіт өмірді, республика табыстарын, замандастарын бейнелейтін өлең, терме, толғау дастандары туды. 150-дей ән толғап, оның өлеңін жазды. Оның әнші, композитор болуына әнші-жыршылардың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды. Әсіресе, Жамбыл, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын, композиторлардан үлгі-өнеге алды. Ақын-композитордың «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар», тағы басқа әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналды. Ол – жыр алыбы Жамбылмен жарты ғасырдай бірге жүріп, жаңа дәуірді асқақтата жырлаған замана жырауы. Бұған екі жүзден астам өлең, арнау, толғаулары айғақ. Бұл туындылары әлденеше рет жинақ болып жарияланды. 1984 жылы ақынның 100 жылдық мерекесі өткізілді. Таңдамалы шығармаларының 2 томдығы және «Шырқа, дауысым», орыс тілінде «Песни гор и степей» кітаптары жарық көрді. Деректі кино-телефильмдер түсірілді. «Еңбек Қызыл Ту», 2 мәрте «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

72 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасының қоғам және мемлекет қайраткері Серік Әбікенұлы ҮМБЕТОВ дүниеге келді.

Алматы облысы Жамбыл ауданы Прудки кеңшарында туған. Алматы зоотехникалық – малдәрігерлік институтын «зооинженер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1968 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы «Амангелді» кеңшарының жұмысшысы болып бастады. 1974-1985 жылдары – Алматы облысы Күрті ауданы Т. Бокин атындағы кеңшардың бригадирі, бөлімше меңгерушісі, бас зоотехнигі, партия комитетінің хатшысы. 1985-1992 жылдары – Алматы облысы Күрті ауданы «Желтораңғы» кеңшарының директоры, Кеген ауданы агроөнеркәсіптік кешені бірлестігінің төрағасы, Күрті ауданы Т. Бокин атындағы кеңшардың директоры. 1992-2004 жылдары – Алматы облысы Күрті ауданы әкімшілігінің басшысы, Алматы облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі. Жамбыл облысының әкімі (1999 жылғы ақпанынан бастап). 2004-2005 жылдары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі. 2005-2011 жылдары – Алматы облысының әкімі. 2011-2012 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқарушысы. 2012 жылғы қыркүйек айынан бастап бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. 2016 жылдан бері алтыншы шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған. «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен және Ұлттық олимпиада комитетінің алтын орденімен марапатталған.

56 жыл бұрын (1966) Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының иегері Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында туған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтын (Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университеті) бітірген. 1990-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1996-2000 жылдары – Лев Гумилев атындағы Еуразия университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі. 2000-2001 жылдары – Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінің аға ғылыми қызметкері. 2001-2004 жылдары - Қазақ ұлттық Музыка академиясы Тіл және әдебиет кафедрасының меңгерушісі. 2004-2005 жылдары – Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гуманитарлық институтының директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2005 жылдан бастап істейді. Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау жөніндегі Лингвистикалық комиссияның мүшесі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі жанындағы Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның мүшесі, Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның мүшесі, Республикалық Ономастика комиссиясының мүшесі, Астана қаласы Ономастика комиссиясының мүшесі, Қазақстан халқы Кіші ассамблеясының мүшесі, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Хабаршысының» (гуманитарлық серия) жауапты редакторы, «Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары» ғылыми анықтамалығының жауапты редакторы. «Смағұл Сәдуақасұлы», «Руханият», «Алаш және әдебиет», «Пайым» атты монографиялардың, «Ағартушылық және әдебиет» оқу құралының, Жүсіпбек Аймауытовтың 5 томдығын, Смағұл Сәдуақасұлының 2 томдығын, Қошке Кемеңгерұлы таңдамалы шығармаларының, Қошке Кемеңгерұлының 3 томдығының авторы. «Қазақтың Қошкесі», «Астана туралы бата», «Көздің қарашығындай» деректі фильмдері сценарийінің авторы. 450-ге жуық журнал мен газет мақалаларының, 150-ден астам теле-радио материалдарының авторы. «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы төс белгісімен марапатталған.

51 жыл бұрын (1971) ҚР Парламенті Мәжілісінің (VIІ шақырылым) депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік Сәлімжанұлы ДҮЙСЕМБИНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. 1995 жылы Шығыс-Қазақстан облысының Мемлекеттік университетін, 2001 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін бітірген.1995-1997 жылдары – Өскемен қаласы, Ішкі істер департаментінің тергеушісі; 1997-1998 жылдары – «Алюминий Қазақстан» АҚ вице-президентінің көмекшісі; 1998-2003 жылдары – Азаматтық партияның Орталық Комитетінің кеңесшісі; 2003-2006 жылдары - Азаматтық партияның Орталық Комитетінің іс басқарушысы; 2006-2011 жылдары – «Атамекен» ҚҰЭП атқарушы директоры; 2007 жылдан - «Атамекен» әлеуметтік жауапкершілік қорының директоры. 2011 жылдан – Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы төрағасының аймақтық саясат жөніндегі орынбасары; 2013 жылдан – Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы ОК-нің аймақтық жұмыс жөніндегі хатшысы. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.

51 жыл бұрын (1971) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқарушысының орынбасары - Маржан Әбдіюсупқызы ӘКІМЖАНОВА дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірген (1999). Еңбек жолы: Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының механика және машинатану институтының зертханашысы, шаруашылық меңгерушісі, кадр бөлімінің инспекторы (1991-1993); Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің редакциялық-баспа бөлімінің маманы (1993-1995); Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Аппаратының Ішкі саясат бөлімінің маманы (1995); Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының Аумақтық даму бөлімінің маманы (1995-1997); Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз қызметінің аға маманы, референті, аға референті, сарапшысы, аға сарапшысы, бас сарапшысы, консультанты, сектор меңгерушісі (1997-2012); Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары (2012-2021), Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі (2021-2022); Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі (2022 жылдан бастап).

2022 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және Президент Әкімшілігінің «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

46 жыл бұрын (1976) - «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының, «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері Ғалым Қабдулұлы БОҚАШ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Оксфорд университеті «Оңтүстік Азия тарихы мен саясаты» бойынша MPhil дәрежесін иеленген (2009). Пәкістанда, Үндістанда, Жапонияда еңбек өтілінен өткен. 1999-2001 жылдары – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің хинди және урду тілдерінің оқытушысы. 2000-2001 жылдары – «Қазақ әдебиеті» газетінің халықаралық шолушысы, «Хабар» агенттігі» ЖАҚ-ының Пәкістандағы арнаулы тілшісі. 2001-2005 жылдары – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ қоғамдық-саяси бағдарлама редакциясының жетекшісі, Ақпараттық-талдау бағдарламасының директоры және «Мезгіл» сараптамалық бағдарламаларының жүргізушісі, басқарма төрағасының орынбасары. 2005-2006 жылдары – Алматы қаласы әкімінің орынбасары. 2009-2010 жылдары – Ирандағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің кеңесшісі болған. 2010 жылдан бері біраз жылдар бойы Прагадағы (Чехия) «Свободная Европа-Радио Свобода» Радиосының Қазақ редакциясында қызмет атқарған. «Хроника утраченного света» деректі фильмі сценарийінің авторы.


Соңғы жаңалықтар