18 жасқа толмаған төлқұжаты жоқ балалар қазақ-қырғыз шекарасынан өте алмайды

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - 20 қазаннан бастап Қырғызстан мен Қазақстанның кәмелет жасына толмаған азаматтары шекарадан тек қана төлқұжатпен өте алады. Бұл жөнінде Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметіне сілтеме жасап Кабар агенттігі хабарлады.

«2012 жылы 11 мамырда қабылданған Қырғызстан мен Қазақстан үкіметтерінің арасындағы «Қырғызстан азаматтарының Қазақстан аумағында және Қазақстан азаматтарының Қырғызстан аумағында жүріп-тұруы туралы» келісімге 2020 жылғы 18 тамызда енгізілген өзгерістер хаттамасының күшіне енуіне байланысты 20 қазаннан бастап екі елдің мемлекеттік шекарасында кәмелет жасына толмаған балалар тек қана төлқұжатпен өткізіледі» делінген хабарламада.

Осылайша Қырғызстан және Қазақстанның кәмелет жасына толмаған азаматтарының туу туралы куәлігі мемлекеттік шекарадан өтуге жарамсыз құжат саналады. Бұл тыйым екі ел арасындағы әуе қатынасына да қатысты.

Дегенмен, осы уақытқа дейін шекарадан өтіп үлгерген төлқұжаты жоқ 16 жасқа толмаған балалар отанына оралатын кезде шекарадан туу туралы куәлігін көрсетіп өте алады.


Соңғы жаңалықтар