16 жасар Рудный тұрғыны көпқабатты үйге «бомба» қойылғанын хабарлаған

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Рудный қаласында 2004 жылы туған оқушы үйіне жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Рудный қаласының полиция бөліміне 30 жастағы ер адам хабарласып, үйіне жарылғыш зат қойылғанын айтқан.

«Хабар түскен Октябрьге 40 жыл көшесіндегі үйге барлық мүдделі қызметтер жұмылдырылды. Құтқарушылар көпқабатты үйдегі 22 тұрғынды эвакуациялады. Барлық пәтер тексеріліп, жарылғыш зат табылмады. Іздеу шаралары барысында жалған ақпарат таратқан 2004 жылы туған оқушы ұсталды. Ол 30 жастағы ер адамға дауыс өзгерту бағдарламасы арқылы хабарласып, «бомба» қойылғанын айтқан», - деді ведомствоның баспасөз қызметінің маманы Кенже Қонысбай.

Қазір осы дерек бойынша ҚР ҚК 273 бабымен соталды тексеру шаралары басталды. Бұл бапта қылмыскерді 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ арнайы қызметтердің шығынын өтеу қарастырылған.

Полиция қызметкерлері мұндай фактілердің алдын алу үшін ата-аналардан балалармен профилактикалық әңгіме жүргізулерін сұрайды.


Соңғы жаңалықтар