16 мың ота жасаған хирург: Адам тағдыры бірнеше секунд ішінде шешіледі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Көптің көңілінен орын алып, ыстық ықыласқа бөлену – әр мамандық иесі үшін зор қошемет. Бұған тек қызметіне адал, нағыз еңбекқор жандар ғана ие бола алады. Осы ретте Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Башабаевтың есімін ерекше атап өткен жөн.

Себебі оның шипалы қолынан ем алып, ауруынан сауыққан жандар аз емес. Өңір жұртшылығының сүйікті дәрігеріне айналған Марат Тыштықбайұлы 37 жылдық тәжірибесінде 16 мыңнан астам ота жасаған екен. Осы саладағы бай тәжірибесінің арқасында аймақтың өзге ауруханаларында жасалмайтын күрделі оталарды да сәтті жасай білетін ол ШҚО-ның денсаулық сақтау саласындағы ең үздік қызметкер атағына ие.

– Сұхбатымызды дәрігерлік жолды қалай таңдағаныңыздан бастасақ...

– Он жасар кезімде абайсызда қолымды сындырып алған едім. Сөйтіп бұрынғы Марқакөл аудандық ауруханасына және облыстық ауруханаға қаралып, ем алдым. Өкінішке қарай, дәрігерлердің олқылығынан қолым дұрыс салынбаған болып шықты. Сосын өз-өзіме дәрігер атанып, дертіне дауа іздеген адамдарға қолұшын созамын деп серт бердім. Әртүрлі себептермен жарақат алған немесе ота жасауды қажет ететін дертке шалдыққан адамдарға шамам келгенше көмектессем несі айып? Сол жайсыз жағдайдан кейін өзімнің болашақ мамандығымды тек дәрігерлік саламен ғана байланыстыратын болдым. Мектеп бітіргеннен кейін біліміме сеніп, Семей мемлекеттік медицина институтына оқуға тапсырдым.Осылайша, қиялымдағы арманымды жүзеге асыру мақсатындағы алғашқы қадамымды жасадым.

– Мектептегі ұстаздарыңыз сіздің оқушы кезіңізден-ақ химия, биология пәндеріне бейім болғандығыңызды айтады. Демек, таңдаған мамандығыңыз анық болғандықтан сол пәндерге баса мән беріп оқыдыңыз ғой?

– Иә, мектеп қабырғасында жүргенде химия, биология пәндерін бар ынтамды салып, қызығып оқитынмын. Бала күнімде жәндіктерге ота жасап, аяқтарынан жарақат алған жануарлардың сирақтарын таңып, емдейтінмін. Осындай «ем-шара жүргізу» өзіме қатты ұнайтын.

– Отбасы мүшелерінің ішінде өзіңіз сияқты дәрігерлік жолда жүргендер бар ма?

– Біздің әулеттен дәрігерлік жолды таңдаған өзім ғанамын. Менің ата-анам 4 сыныптық қана білімдері болса да, өте парасатты, зерек адамдар еді. Әкем жоғары математиканы шемішкедей шағып, қиын деген есептерді оп-оңай шешетін. Жеті құрсақ көтерген анам үй шаруасындағы қарапайым әйел болды. Ол бізді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай осы күнге жеткізді.

– Алғаш жасаған отаңыз қандай болды? Осы күнге дейін қандай қиын оталарды қолыңыздан өткердіңіз?

– 1981 жылы Семей мемлекеттік медицина университетінде 4 курста оқып жүргенде хирургия бөлімінде медбрат болып жұмыс істедім. Сол кезде соқырішек болып түскен науқасқа алғаш рет ота жасадым. Құдайға шүкір, ота ойдағыдай өтті.

Ал ұйқы безі, асқазан, он екі елі ішегі мен өт жолының біразын алып тастау сынды оталарды жасау өте күрделі шаруа. Облысымызда ондай оталарды ешкім жасамайды. Биыл денсаулық сақтау саласындағы еңбек жолымды бастағаныма 37 жыл болыпты. Ресейде, Оңтүстік Кореяда, сонымен қатар Израиль жерінде біліктілікті арттыру мақсатында тәжірибе алмасып, білім нәрімен сусындап келдік. Әртүрлі конференцияларға да жиі барып тұрамын. Әлем медицинасы күн сайын жаңарып отырады. Осы жаңалықтардан, енген заманауи технологиялардан қалыс қалып қоймас үшін үнемі ізденіс үстінде жүруге, көп оқып, зердемізге тоқуға тура келеді.

– Еңбек жолыңызда қандай қиын жағдайлар орын алды? Өз тәжірибеңізде науқастың бақилық болып, өкінішті жағдайға тап болған кезіңіз болды ма?

– Өкінішке қарай, ота жасау барысында көз жұмған адамдар болды. Ондай жайт кез келген дәрігер хирургтің басынан өтетін шығар. Ауыр жағдайда түскен науқастарды нартәуекел деп ота үстеліне жатқызамыз. Кей кездері медицинаның өзі дәрменсіздік танытады. Осы орайда бір оқиға есіме түсіп отыр. 1984 жылы жаз айында 21 жасар студенттің тамырын пышақ кесіп кеткен екен. Біз қолымыздан келгенше жәрдем етуге тырыстық. Кесілген жерді тіксек те, қажетті медициналық құралдар болмағандықтан жас жігіттің өмірі қиылды.


– Әр мамандықтың қызығы мен қиындығы қатар жүретіндігі белгілі. Сіздің салаңыздың ерекшелігі неде?

– Адамдарға көмек қолын созып, жақсылық жасау пендені іштей қуантып, әрі қарай жақсы істер жасауға ұмтылдырады. Ауруынан қиналып, әбден мезі болған науқастарға көмектесіп, еміне шипа тапсақ – біздің қызметіміздің жемісті болғаны деп білемін. Ота жасап, қажетті ем-шараларды жүргізгеннен кейін аяғынан тұрып, асын ішіп, жүзіне күлкі үйірілген жанды көрсек әркез қуанып қаламыз. Қанша қаласақ та ауыр жағдайдағы науқастарға қолұшын бере алмайтын жағдайлар да болып жатады. Мысалы, қатерлі ісік ауруларына ота жасауға келгенде дәрменсізбіз. Осындай жағдайлар өзгелер тұрмақ, біздің, дәрігерлердің де жанын ауыртады.


– Отыз жеті жылдық дәрігерлік қызметіңізде қандай ерекше жайттар есіңізде қалды?

– Медицина саласы түпсіз терең теңізге ұқсайды. Ал оның ішіндегі хирургия бөлімінің алар орны ерекше. Мен бұл жолда әр түрлі жайттардың себепшісі болдым деп айта аламын. Оның арасында есте қалған оқиғалар аз емес. Соның бірі, жүрек тұсына пышақ тиіп жараланған науқасқа ота жасау керек болған жағдай. Өткір зат жүрекке тиген соң тиісті шараларды дереу қолдану қажет. Осындай сәттерде ұтымды пайдаланған әр секунд адам жанының арашашысы бола алады. Егер сәл кешігетін болсақ, бір адам өмірімен қоштасуы ықтимал. Сол кезде ауыр халде жатқан азаматқа уақытында ота жасап, ажалдан алып қалған болатынбыз.

– Қазақстандағы медицинаның бүгінгі жай-күйі жайлы пікіріңіз қандай?

– Қазір, шүкір, еліміздегі медицинаның қай саласын алып қарасақ та ілгері жылжу бар. Облысымызда аймақ басшысының бастамасымен аудандарда жас хирургтер еңбек жолдарын жалғастыруда. Шетелге барып біліктілік арттырып жатқан ақ халаттыларымыз да аз емес. Бұл өте құптарлық іс.


Үлгі болар үлкен тұлға

Денсаулық сақтау саласындағы әріптестерінің Марат Башабаев жайлы пікірін білу мақсатында бірінші қалалық аурухананың гастроэнтерология бөлімінің меңгерушісі Хадиша Хакимовамен әңгімелесіп қайттық.

– Гастроэнтерология бөлімі мен хирургия бөлімі тығыз байланысты, өйткені біз іш-құрылысқа қатысы бар аурулардың терапиялық емделетін түрлерін қамтысақ, олар хирургиялық ем-шаралар жүргізумен айналысады. Ең қиыны – ауруханаға асқазаны немесе бауыры ауырған, өт жолдарында тас, ісік пайда болған адамдардың диагнозы терапиялық, не хирургиялық емдеуді қажет ететінін анықтау. Іш-құрылыстарындағы аурулар жекеленіп көрінбейді. Жансақтау бөліміне түсетін кейбір науқастардың қай жері ауыратыны түсініксіз болатын кездер де аз емес. Науқастың нақты диагнозын қою аса ыждаһаттылықты талап етеді. Сондай сәттерде әрдайым ақылшы-кеңесші бола білетін Марат Башабаевқа алғысымыз шексіз. Оның алдына қандай науқас келсе де бар жан-тәнімен беріліп емдеп шығаруды ғана ойлайды. Ол қай іске де әрдайым сабырлылықпен қарайтын қайраты қара тастай төзімді дәрігер. Ауырып келген адамдардың барлығымен жылы сөйлесіп, олардың көңілін таба біледі, – дейді Хадиша Хакимова.

Жазылмас дертті де емдеген

Өңірімізде білікті дәрігердің қолынан ем алған жандардың тізімі көп-ақ. Соның ішінде Зайсан ауданының тұрғыны Ерентау Құмарбекті атап өтуге болады. Асқазанында жара пайда болған ол облыстағы барлық ауруханаларды шарлап шыққан екен, алайда барған жерлерінің бәрінде бұл ауруының асқынғандығын, емдеуге келмейтінін айтыпты. Жолы болған Ерентау облыстық ауруханаға келгенде Марат Башабаевпен танысады. Бүгінгі күні ауруынан құлан-таза айыққан ол білікті дәрігердің шипалы қолын ешқашан да ұмытпайтынын айтты.

– Ауруыма ем таба алмай ана ауруханаға бір, мына емханаға бір шапқылап жүрген болатынмын. Сөйтіп, облыстық ауруханаға аяқ тіреп, қан тапсырып жатқан кезімде Марат Тыштықбайұлы келіп, менімен танысып, қал-жағдайымды сұрады. Сол кездегі жағдайым өте ауыр еді. Денемнің барлығы сарғайып кетті. Түнімен көз іле алмайтын едім. Дауасыз дерттен әбден ығыр болдым. Сонда Марат аға «Бауырым, сені емдеп шығарамын» деді де, мені өз қарамағына алды. Ол маған «Өт жолың бітелген, асқазаныңда жара бар» деп, он шақты күн демалған дұрыс болатынын айтып ауруханаға жатқызды. Сөйтіп, діттеген уақыт өткеннен кейін алғашқы ота жасады. Бұдан соң «Жағдайың жақсара түсу үшін тағы да ота жасау керек» деді де, тағы бір рет ота үстеліне жатқызды. Қазір, Құдайға шүкір, бар дертімнен сауықтым. Осылай аяқтан тұрып, бетімнің бері қарағаны осы ақ халатты абзал жанның арқасы, – дейді ол.

P.S. Аурухананың алғыс айту журналында марқакөлдік емделуші ыстық ықыласын

«Құдайым тіл мен көзден сақтасыншы,

Халықтың бағына туған азаматты.

«Қолы алтын хирург қой» деп мақтайды оны,

Марат қой, Башабаев – ел мақтаны» деген өлең жолдарымен жеткізіпті…


Соңғы жаңалықтар