13 жасар жеткіншек бетіне операция жасату үшін өзі салған суреттерді сатып жүр

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттің 13 жасар тұрғыны Әбдірахман Темірбек қымбат операцияға ақша жинау үшін өзі салған картиналарды сатып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Берік Рахымов пен Айнұр Ысмағұлова Шымкент қаласында тұрады. Отбасында жеті бала бар.

13 жасар Әбдірахман Темірбек – үлкен үйелмендегі үшінші бала. 2,5 жасында жарылыстан денесінің біраз бөлігі күйіп қалған.

Қайғылы оқиға 2009 жылдың қазан айында болған. Жас отбасы үйіне жаңадан газ кіргізген болатын. Газ дұрыс қосылмаған, сосын көгілдір отын сыртқа төгілген.

«Ол кезде үйде мен, 2 жасар Әбдірахман мен 9 айлық төртінші балам бар еді. Жолдасым жұмыста болатын. Әбдірахманды ертіп, тамақ дайындау үшін асүйге кірдім. Кенже балам төсекте қалды. Сіріңкені жаққан кезде алапат жарылыс болды. Үйдің ішін қызыл жалын алып кетті. Далаға шығатын есікті де от шарпыған. Басқа амал қалмаған соң баламды көтеріп, терезеден сыртқа шықтым. Ал кенже ұлым үйде қалды. Бар даусыммен айғайлап, көмекке шақырдым. Көршілер жүгіріп келіп, есікті сындырып, іште қалған нәрестені алып шықты. Аллаға шүкір, оған ештеңе болмапты. Әбдірахман екеуміз де күйіп қалдық. Балам жарылыстың дәл ортасында болғандықтан менен қатты күйген. Оның аман қалғанына шүкіршілік етемін қазір», - дейді Айнұр Ысмағұлова.

Анасының арқасы, беті-қолы күйсе, Әбдірахман әлдеқайда ауыр дәрежеде күйік алған. Басы, беті, білектері, басындағы шашына дейін жанып кеткен. Айнұр 1,5 ай ауруханада жатып, күйген жерлері біршама жазылып шықты. Ал Әбдірахман Орал қаласындағы балалар ауруханасында 2 ай ем алған. Оның 10 күні жансақтау бөлімінде өтті. Дәрігерлер оның өмірі үшін 10 тәулік бойы күресті.

Бәрінен де Әбдірахманның жарақатының жазылуы қиын болды. Күйіктің орнында үрейіңді алатын терең тыртықтар қалып қойды. Осы тыртық әлі күнге дейін жеткіншектің қалыпты өмір сүруіне мүмкіндік бермей келеді.

«Балалар да, үлкендер де Әбдірахманның келбетінен шошып, аулақ жүруге тырысады. Ол мектепте де, аулада да үнемі жалғыз. Онымен ешкім достасқысы келмейді. Бұны көріп, баламның жүрегі ауырады. Өзін қор сезінеді. Жыл өткен сайын сырын ішіне ғана бүгіп, оңашаланып, ешкімге ашылмайтын болды. Бұл өрт перзентімнің балалық шағы мен қуанышын ұрлады», - деп күрсінеді ана.

Соңғы 10 жылда Әбдірахманға Қазақстанда 4 операция жасалған. Өкінішке қарай, одан баланың жағдайы жақсармады. Ал жылына бірнеше мәрте денесін кескізіп, ота жасату өте ауыр.

Жасөспірім 10 жылдан бері көрмегеннің бәрін көрген. Өскен сайын тыртық ауырып қана қоймай, қарапайым тіршілік әрекеттерін жасауына мүмкіндік бермейді. Тістері қисық өсіп жатыр, саусақтарында тырнақ жоқ. Саусағын бүге, жұдырығын жұма алмайды. Қасық ұстап үйренуіне бірнеше жыл уақыт кеткен. Бет-аузындағы, денесіндегі тыртықтар жазылмаған соң қолмен жұмыс істей алмайды, тіпті аузын барынша ашып, дұрыстап сөйлеудің өзі мұң.


Саусақтары икемге келмесе де, Әбдірахман кішкентай күнінен сурет салуды ермек еткен. Жақында ол операцияға ақша жеткізу үшін өз қолынан шыққан суреттерді сата бастады.

Мысалы, осы бір-екі аптада жеткіншектің «Ұйқыдағы орман», «Желкен», «Сакура», «Ауылдағы үй», «Жарылыс», «Нәзіктік», «Жұлдызды аспан» және «Париж» атты картиналары Instagram парақшада тез сатылып кетті. Баланың шығармашылығына желіде сұраныс үлкен. Интернет қолданушылары туындыларды үлкен қызығушылықтан сатып алып жатыр.

Соңғы күндері Шымкенттегі сурет студиясы да арнайы қайырымдылық жәрмеңкесін өткізіп, сондағы оқушылар салған картиналарды сатылымға шығарды. Одан түскен қаржыны Әбдірахманға көмекке аударады.

«Әбдірахман өзін бақытты сезінетін үш жер ғана бар, ол – үй, сурет студиясы және табиғат. Сурет салған кезде балам бүкіл әлемді, өміріндегі қиындықтарды ұмытып, жаны рахаттанады. Ұлым сұлулықты көре біледі, оны бар ынты-шынтысымен қағазға түсіреді. Шығармашылық баламның өміріне жаңа леп әкелді. Мен Әбдірахманның қалыпты тіршілікке оралатынына, болашағы жарқын болатынына сенемін» дейді жеті баланың анасы Айнұр Ысмағұлова.

Медицинаның жаңа мүмкіндіктері шарасыз ата-ананың үмітін оятты. Олар баланың терісін ауыстырып, беті-қолына шетелде ота жасатамыз деп шешті.

«Баламды адам қалпына келтіру үшін үйімізді де саттық, бірақ ол ақша ештеңеге жетпейді екен. Ағайын-туыс, дос-жаран шамасы келгенше қол ұшын созды, ол да түк болмады. Сосын халықтан көмек сұраймыз деп шештік. Бірнеше елдің клиникасымен хабарласып, ішінен Германияға тоқтадық. Осы елде тері ауыстырып, ота жасатқымыз келеді. Өйткені оның пайдасын көргендер, шынымен күйіктен толық жазылып кеткендер өте көп. Қазір Гейдельберг қаласындағы клиникамен байланыс жасап отырмыз. Карантинге байланысты басқа елдерге апаруға мүмкіндік жоқ, ал Германия тарапы «қаржысын тапсаңдар виза береміз» деп отыр. Ең жақсысы - ол жерде бір ғана операция жасалады. Сол арқылы баланың денесіндегі бүкіл тыртықтан құтылуға мүмкіндік бар. Қолы да, бет-аузы да сол отадан соң қалпына келеді деп отыр дәрігерлер. Онсыз да кішкентайынан көп азап шеккен бала үшін бір операциядан құлан-таза айығып шығу - өте маңызды», - дейді Айнұр.

Әбдірахманның отасына керек сома – 46,5 млн теңге. Оның 19 миллион 423 мыңы халықтың көмегімен жиналған. Енді қалғаны – 26 млн 616 мың теңге.

Жасөспірімге көмек берем деушілер оның Instagram парақшасына хабарласып, қайырымдылық жасай алады.




Соңғы жаңалықтар