13 мың атыраулық балдырған балабақшадағы кезекші топқа барады
Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, балабақшаларда 1126 кезекші топ ашылған. Оған 13202 бала барып жүр. Бұл, мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиеленушілерінің жалпы санының 39% құрайды. Барлық нысандар санитарлық талаптарға сай әрі мектепке дейінгі ұйымдардың жұмыс алгоритміне сәйкес жұмыс істейді.
«Таңертең мейірбике балаларда респираторлық аурулардың бар-жоғын анықтау үшін тексеру жүргізеді. Дене қызуын өлшеп, балалардың тамағын тексереді. Коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында тәрбиешілер мен ата-аналар балаларды қарсы алу және шығарып салу кезінде маскалық режим сақтайды. Балалар мен тәрбиешілердің сақтығы үшін балабақшаға кіреберісте, сондай-ақ әр топта санитайзерлер орнатылған. Балабақша ғимаратындағы топтық жайларда, басқа да бөлмелер мен асханада дезинфекциялау құралдарымен екі сағат сайын ылғалды өңдеу жүргізіледі», - деп хабарлады облыстық білім басқармасынан.
Кезекші топта шектеу шаралары сақталып, бүлдіршіндердің сабағы әдеттегі күн тәртібімен өткізіледі. Балалар бұрынғы тәртіппен уақытылы тамақтанады, күндіз ұйықтайды, далаға серуендеуге шығады.